Четверг, 28 Ноябрь 2019 17:32

Түркістан облысы: Шардара ауданында жаңа мобильді қосымша насихатталды

Шардара ауданында "Egovmobile" жаңа мобильді қосымшасын насихаттау мақсатында арнайы семинар-тренинг ұйымдастырылды. Аудан әкімі аппаратының ұйымдастыруымен өткен іс-шараға аудан әкімі аппаратының және ішкі саясат бөлімінің, маслихат аппаратының мамандары қатысты. 

Қазақстандықтар үшін Электрондық үкіметтің жаңа мобильдік қосымшасы қолжетімді болды. Енді ұялы телефон арқылы 50-ден астам электрондық қызмет пен сервисті пайдалануға болады. Жаңа қосымша Қазақстан халқын қол созым жерде электрондық үкімет порталының ең танымал қызметтерімен қамтамасыз ету үшін құрастырылған. Қосымша Android пен iOS операциялық жүйесіндегі смартфондар үшін қолжетімді. Мобильді бағдарламада 50 қызмет пен мобильдік жеке кабинетті пайдалануға мүмкіндік бар. Жеке кабинетте әр азамат өзі туралы мемлекеттік деректер қорларында сақталатын дербес мәліметтерін ала алады. Ағымдағы жылдың аяғына қарай мобильдік форматқа тағы 20 жаңа қызметті ауыстыру жоспарланған. "Мобильдік жеке кабинетте" азаматтың орналасқан жері, тұрғылықты және тіркелген мекенжайы, заңды тұлға құрамына кіру, некеге тұру, жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдардың бар-жоқтығы, сонымен қатар қолда бар жылжымайтын мүлік немесе көлік туралы және т.б. ақпараттар орналасқан. Егер, телефонда электрондық цифрлық қолтаңба бар болса, азаматтар аталған ақпараттарды ала алады. Сонымен қатар, жаңа қосымша тұрғын үйге кезегі мен техникалық қараудан өту мерзімін қарау, лицензиялар мен чектерді тексеру, ХҚКО-на кезекке тұру және дәріханаларды іздеу сияқты сервистерді қолдануға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, қосымша көмегімен пайдаланушылар коммуналдық қызметтерді, салықты, айыппұлдарды, баж салығын, байланыс қызметтерін төлей алады және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шоттарды толтыра алады. "Жаңа қосымша "Мобильдік үкімет" жобасының аясында құрастырылған. eGov.kz қосымшасы мемлекеттік органдардың қызметтерін пайдалануды ыңғайлы және жедел деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 407 times