Игерілмеген қаржы мәселесі облыс әкімін әбден ашуландырды. Ол жалпы 2019 жылғы бағдарламалардың негізгі шаралары атқарылғанын айта келіп, сонымен қоса жыл қорытындысы бойынша белгілі бір игерілмеген қаражаттар бар екенін тағы еске салды. Облыс басшысы қалған қаржы төңірегінде түсінік берген аудан әкімдерінің әңгімесін төтесінен үзді. «Қаржылық бақылау қызметі тексере ме, конкурсты уақытында өткізбеді ме, оның бәрі xалықтың мәселесі емес. Ең бастысы, ақша бөлінді, бірақ ол игерілмей қалды. Бәлкім, келер жылы мұндай аудандарға қосымша ақша мүлдем бермеген дұрыс болар. Сондықтан оның негізгі себебі әкімдердің тарапынан тиісті бақылаудың болмауынан деп есептеймін. Тағы бір мәселе – бөлінген қаражатты жоспарлау сапасы мен игерудің мерзімі», – деп ескертті Өмірзақ Шөкеев.
Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеу қағидаларындағы өзгерістер мен толықтырулар турасында да атқарылып жатқан жұмыстар облыс әкімінің көңілінен толық шыға қоймады. Ол әр аудан, ауылдарда түсіндірме жұмыстарының көңіл көншітпей тұрғанын жеткізіп, бұл істі қатаң бақылайтынын қадап айтты. Аудан басшыларының жауабына қанағаттанбаған Өмірзақ Шөкеев тиісті сала басшыларына баса мән беруді қажет ететін тұстарды атап, нақты тапсырмалар беріп, міндеттер жүктеді.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.