Жыл сайын маусымның 28-інде журналистер қауымы өздерінің кәсіби мерекесін тойлайды. Қалыптасқан дәстүр бойынша атаулы дата қарсаңында тілшілердің құрметіне түрлі байқаулар ұйымдастырылып, қорытындысы шығарылады. Жыл он екі ай өнімді еңбек еткен қалам иелері марапатталады. Арнайы сыйлықтар мен жүлделер табыс етіледі. Қала берді, әжептәуір мейрамханада дастарқан жайылады. Болды. Шерханша (Мұртаза) айтсақ, «Арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» журналистерге деген қоғамның ілтипат-ізеті осымен шектеледі. Жүрісінен жаңылмайтын, көзіміз үйренген жылдағы сценарий – осы. Бұдан кейін журналисті қошемет көрсетіп, еңбегін бағалау үшін ешкім іздемейді де. Қайтадан сол баяғы Ахаңдар салып берген сүрлеуге түсесіз. Халықтың көзі, құлағы һәм үні боласыз. Бұқараның санасына оң өзгерістер сіңіріп, қоғамның дамуына жол сілтеп, ықпал етуге тырысасыз. Қарашаның мұң-мұқтажына құлақ түріп, оның оңынан шешілуіне жанұшыра көмектесесіз.