Десек те, журналистерді толғандырып, қабырғасына бататын өз мәселелері де аз емес екенін біреу білер, екеу білмес. Билік пен халықтың арасын жалғайтын алтын көпірге айналған бұл қауымының ұзақ жылдардан бері түйіні тарқатылмай-ақ келе жатқан ең өзекті түйткілінің бірі – баспана. «Айтпасаң, сөздің атасы өледі», ақыры бастаған соң, өзге емес, өз жайымызды өзіміз айтайық. Бәлкім, талай әріптесіміздің жанына батып, жарасына тұз сепкендей етерміз, бірақ мойындайтын бір шындық бар. Қазақстандағы баспасөз өкілдері әлеуметтік қорғалмаған топқа жатады. Жалпақ тілмен айтсақ, «күнкөрісі төмен», «кедей» деген сөз. Тек «Бөрі арықтығын білдірмейдінің» кері ме, әлде жалған намысқа тырыса ма, әйтеуір, әріптестеріміз «Журналистер неге әлеуметтік қорғалмаған?» деген тақырыпты қаузауға құлықсыз. Сірә, арланатын болар. Әйтпесе «Бермесең, бермей-ақ қой баспанаңды» деген қағидадағы небір тілшілер мың жерден арып-ашыса да, кәсібіне адалдық танытып, пәтерден пәтерге көшіп, өлместің күнін кешіп жүр. Ал, үйсіздің күйі болушы ма еді?! Әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаса да, өзінің жыртығын жамай алмай отырса, ұлттың сойылын соғып, тілі мен ділі, руханияты үшін жанталасып жүрген жандардың еңбегі еш, тұзы сор ма сонда? Неліктен журналистердің маңдай тері лайықты бағаланбайды? Ел тәуелсіздігінің іргетасын нығайтып, мемлекет болашағын баянды етуге, ұлт бет-бейнесінің сақталып, рухани шекарасының берік болуына шама-шарқынша үлес қосудан жалықпайтын қалам иелерінің баспанасыз жүруі, тұрғын үйге қатысты түрлі-түрлі бағдарламалардан шетқақпайлануы, біздіңше, қоғам болып ойланатын жайт.
Рас, соңғы 3-4 жылдың бедерінде Парламент қабырғасында «жетімбұрыш» жағалаған журналистердің жайы көтерілуін көтерілді. Күтпеген жерден сенаторлар БАҚ өкілдерінің жігерін жасытып, әбден күйзелткен бұл проблеманың шешілуіне ықпал етуге белсеніп-ақ шықты. «Жергілікті әкімдіктер мемлекеттік қызметшілерге, бюджет қызметкерлеріне, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, көпбалалы не жалғызбасты аналарға мемлекеттік қордан немесе арендалық үй береді. Алайда БАҚ өкілдері осы санаттардың бірде-біріне кірмейді. Мемлекеттік идеологиялық жұмысты былай қойғанда, халық пен билік арасында шетін мәселелерді түсіндірер араағайын, жаршы қызметін атқаратын журналистерге жүктелген жауапкершілік шенеуніктерден артық болмаса, мысқал да кем емес қой» деген қарапайым ғана қисынды шен-шекпенділердің қауашағына сыйдыра алмай жүргенімізде, Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Ақан Бижанов «Үкіметке ұсыныспен шығайық!» деп, бәрімізді бір серпілтіп тастаған-ды. Одан бұл тақырыпты сенатор Нұрлан Оразалин де біршама қозғап, Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтің атына депутаттық сауал жолдағаны да – есімізде. «...Ақпарат кеңістігі салаларында тікелей әсер етер бірден-бір ықпалды күшке айналып отырған қазіргідей күрделі заманда қаламгер журналистерге жағдай жасау – тәуелсіз еліміздің ішкі беріктігі мен саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жүргізілер шара» деп, ойды әріден ақтарған. «Үмітсіз – шайтан», осыдан соң түйіні шиеленісіп, әбден жауыр болған мәселе бір жағына шығар деп үміттендік. Өкінішке қарай, көңіл көншітер нәтиже болмады. Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деген сөзінің астарына терең бойлаған пенде табылмады-ау Үкіметтен. Соңғы ширек ғасырда мемлекеттік, ұлттық идеологияның бар-жоқтығына айтарлықтай басын ауырта қоймағандай әсер қалдыратын Үкімет қандай да бір идеологияны жүзеге асырудың құралы, тіпті қаруы – журналистикаға, оның отымен кіріп, күлімен шығып жүргендердің жай-күйіне күйіп-пісіп неғылсын?!
Әрине, көпке топырақ шашқымыз келмейді. Зиялы қауымды патшасындай сыйлап, төбесінен орын беруге әзір тұратын Бердібек Сапарбаевтай шенеуніктер де бар. Мәселен, ОҚО-ны басқарған 3 жылдың ішінде Бекеңнің қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірде мәдениет пен өнерге, идеологияға – тұтас ұлт руханиятына қызмет етіп, хал-қадерінше тері сіңген көптеген азаматтарды баспанамен жарылқап, талай шаңырақтың қоныс тойына себепкер болғанын жергілікті жұрт әлі күнге дейін жыр қылып айтады. Бұл тоқыраудың тоқпағы төбемізді ойғаны соншалық – жол салып, көпқабатты тұрғын үй тұрғызу былай тұрсын, облыс орталығының өзі жарыққа, жылуға, «көгілдір отынға» жарымай, қазынаның қоржыны тақыл-тұқыл заман еді. Қазіргідей «Шымкент республикада №3 мегаполиске айналады» деген асқақ жоспарлар түсімізге де кірмейтін. Міне, сондай қиын-қыстау кезеңде Машбектің ұлы қоғамдық пікірді қалыптастырушы армияны бір серпілтіп тастады.
Қош, саусақ бүгіп санасақ, Сапарбаев кеткелі де 15 жылға жуықтапты, одан бері де талай әкім ауысыпты. Болат Жылқышиев, Өмірзақ Шөкеев, Нұрғали Әшімов, Асқар Мырзахметов, Бейбіт Атамқұлов және бүгінгі Жансейіт Түймебаев. Одан бері де Оңтүстік журналистикасы талай жас кадрлармен толығыпты. Әйтсе де сол қалам ұстаған қауымның еңсесін езген баспанасыздықтың ауыртпалығын жеңілдетуге кәдімгідей жанашарлықпен, қамқорлықпен білек сыбана кіріскен әкімдер еске түсер емес. Бердібектің ерлігін әл-әзірге ешқайсысы қайталай қойған жоқ. Осыдан соң «Әй, бұдан жаман күнімізде де қоныс тойын тойлатқан, тақыр жерден тау тұрғызған Бердібек-ай!» дейсің еріксіз.
Әйтпесе жақсы мен жаманды салыстыру арқылы саралайтынымыз секілді кешегі 90-жылдар қандай еді? Қазіргі күніміз қандай? Арасы жер мен көктей ғой. «Жаһандық дағдарысты» желеулеткеніміз болмаса, жер қарап тұрған күніміз жоқ. Сондықтан Үкімет мәрттік танытпаса да, облыс басшылары мәслихат депутаттарымен ақылдасып, келісіп, жергілікті журналистерді тұрғын үймен қамту бойынша бағдарлама жасап, бір-бір пәтердің кілтін табыстап жатса, «Неге өйттің?» деп, ешкім қолдан қаға қоймас. Өйткені, әлгінде айтқанымыздай, өркениетті ел болуға ұмтылған кез келген мемлекет баспасөзін дамытуға күш салады. Баспасөз – ұлттың айбыны. Мемлекеттің бет-бейнесін қалыптастырушы құрал. Сол себепті «мемлекет қашанда өз баспасөзіне, ондағы қызмет етіп жүрген қаламгерлерге қарайласуды ұмыт қалдырмаса екен» дейсің.
P.S. Біздің қоғамда не мемлекеттік, не жекеменшік топқа жатпайтын журналистер қашанғы «өгей баланың» күйін кешпек? Бар жазығы материалдық пайда әкелетін кәсіппен айналыспағаны ма? Мемлекеттік қызметкерлер секілді пәтер алуға кезекке тұра алмайды. Басқа жеңілдіктерден де құралақан. Сөйте тұра, күллі қоғамның қамын күйттейді, зарын айтып, зыр жүгіреді. Мұны кім түсінеді? Кім бағалайды? Ал, базбіреулер бізді «төртінші билік» деп әспеттеп, қалың көпшік қойғанға ұста. Сірә, БАҚ-ты «төртінші билік» деп кекесін түрде, мазақ ретінде атаса керек. Бұқаралық ақпарат құралдары мен биліктің ошақтың үш бұтындай тармақтарының төрде қатар отырғанын көрген кім бар?! Тіпті осы салаға жетекшілік ететін министрліктің өзі бірнеше рет құрылып, бірнеше рет тарқады. Көбіне-көп он қайнаса да сорпасы қосылмайтын қайдағы бір министрліктің құзырына беріліп, көлеңкеде қалған кездері де жоқ емес. Өзі өз болып, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің құрылғаны кеше ғана. Онда да елдегі ішкі саяси-әлеуметтік ахуалдың нашарлауы түрткі болды. Ал, журналистерді баспаналы ету үшін нені күтеміз?..
P.P.S. Айтпақшы, біз білетін Б.Сапарбаев Ақтөбе облысының әкімі болып тағайындалған соң, 3 айдан кейін-ақ жергілікті журналистермен кездесті. «Галстуксіз», емін-еркін форматта өткен жиында көп нәрсе айтылды. Ақпарат құралдарында сын материалдардың көп болуы, қоғамдағы келеңсіз жайттарды ашық көрсету, «жараны» жасырып емес, ашық түрде «емдеудің» маңыздылығы сынды тақырыптар басқосудың өзегіне айналды. Бұл ретте журналистердің әлеуметтік мәселелері де назардан тыс қалмады. Әлеуметшіл әкім тұрғын үйге мұқтаж тілшілерді жатақханамен қамтамасыз етуге уәде етті. Өңірдегі телерадиоарналар мен газет-журналдар редакцияларына барып, әрбір ұжыммен жеке-жеке кездесулер өткізуге де уақыт тауып жүр...
Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.