Четверг, 08 Ноябрь 2018 09:21

Түркістан облысы: Ордабасының мақта талшықтары экспортталып жатыр

Ауданда жиналған «ақ алтын» өнімдері Чехия, Белоруссия мен Молдова елдеріне жөнелтіліп жатыр. Қазір кәсіпкерлер бұнымен шектелмей, өзге мемлекеттерден де тапсырыс қабылдау үстінде. 

Мақта терімі науқаны қызған шақта ордабасылық диқандар күн-түн демей «ақ алтынды» төкпей-шашпай шығынсыз жинап алудың қамына кірісті. Шүкір, еңбек ақталып, жергілікті шаруалардың еккен өнімдеріне шетелдіктер қызығушылық таныта бастады.

Биыл Ордабасы ауданында мақта алқабы былтырғыға қарағанда ұлғайған. 7 мың гектардан аса алқапқа «ақ алтын» шитін сепкен диқандар қазірдің өзінде 17 мың тонна өнім жинапты. Мақта терім науқанына 83 комбайн жұмылдырылған. Дегенмен мақта түсімі былтырғыдай емес. Өткен жылы әр гектардан орташа есеппен 26 центнерден өнім жинаған ордабасылық диқандар биыл әр гектардан 23 центнер мақта алып отыр. «Бірақ мақта бағасы көңілден шығады», - дейді жергілікті шенеуніктер. Мәселен, Ордабасы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасарыНұрлан Әбілқасымов: «Былтыр мақта бағасы 120-130 теңгеден болған, қазір 180 теңгеге көтерілді. Кей мақта қабылдау бекеттері 182 теңгеден де қабылдап жатыр» деп отыр.

Қазір аудандағы 4 мақта қабылдау бекетінде жұмыс қызу. Шаруалар енді екінші терімге кіріспек. Өткен жылы ордабасылық шаруалар 18 мың тоннадан астам «ақ алтын» жинаған.Сәтін салса, биылғы өнім көлемі де былтырғыдан аз болмайтын көрінеді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 602 times