Четверг, 08 Ноябрь 2018 09:49

Түркістан облысында 252 шақырым су жүйесі тазартылды

Мақтаарал және Жетісай аудандарында 252 шақырымдық су жүйесі қайта тазартылды. Екі аудандағы 3 бірдей каналдың 38 шақырымы жөнделіп, арнасы бетондалған

Биыл су мол болғандықтан, шаруалар екі рет егін салып, мол өнім жинады. Жер емген диқандардың да көңілі көтеріңкі. Мақта бітік шықты. Шаруалар: «Мақта 2-3 мәрте су ішеді. Суды уақытылы жеткізгеннің арқасында биыл 2-3 есе жақсы өнім алдық. Мемлекеттен қаржы бөлінді. Жылдағыдай емес, су жеткілікті болғандықтан, мақта жылдам әрі жақсы жетілді» - дейді.

Мемлекет басшысы биыл мақталы алқаптың диқандары судан тарықпас үшін Тәжікстан президентімен келісіп, осы өңірге қосымша су жібергізген болатын. Соның нәтижесінде кейбір шаруашылықтар егістік жерінен екінші рет өнім алды. Ерте көктемде қырыққабат еккен шаруалар оны сәуір айында жинап алып, орнына мақта отырғызған. Оны да толық жинап алды. Биыл су мол болғандықтан, егіншілер иелігіндегі жерді толық игерген.

Биыл Жетісай мен мақтааралдық шаруалар 1 млрд. 900 млн. текше метр су пайдаланған. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 1,5-2 есеге көп. Мелиорациялық кешенді жұмыстардың нәтижесінде аймақтағы 30 мың гектар суармалы жердің жағдайы жақсарды. Сондай-ақ кезінде ағын судың жеткіліксіздігінен егіске жарамай қалған тағы 5 мың гектар жер қайта игерілді.

«Оңтүстіксушар» РМК аймақтық бөлімше басшысы Шадат Омаровтың айтуынша, ауданда 300 тік дренаж бар екен. Олардың барлығы жұмыс істеп, 6 ауыл әкімдігінің аумағында жерасты суының деңгейі уақытылы төмен түсірілген. Жердің құнарын арттыруға ол да қолайлы жағдай туғызыпты.

Жалпы, биыл Мақтаарал мен Жетісай аудандарында 3 бірдей каналдың 38 шақырым жері жөнделіп, арнасы бетондалды. Сонымен бірге 252 шақырым су жүйесі тазартылды. Соның арқасында шаруалар жаз бойына ағын судан тапшылық көрмеді. Екі ауданда 2 мың шақырымнан астам су жүйесі бар. Жерасты суының деңгейін төмендету үшін қойылған 731 дренаж жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 51 каналдың 214 шақырым жері жөнделмек.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 591 times