Суббота, 01 Декабрь 2018 08:29

«TURKISTAN INVEST» 507 млрд. теңгені құрайтын 19 жаңа ірі жобаны қолға алып отыр

«Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының кеңсесі жанынан бүгінде «TURKISTAN INVEST», «Цифрландыру орталығы» және «Тұрақтандыру қоры» филиалдары құрылған. Қазіргі таңда «Түркістан» ӘКК» АҚ - құрылыс, әлеуметтік маңызды жобалар, туризм, инвестиция тарту, цифрландыру, тұрақтандыру қоры сынды бағыттар бойынша жұмыс атқарады. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Түркістан» ӘКК» АҚ төрағасы Айтмұхаммед Алдажаров мәлімдеді

Брифингте TURKISTAN INVEST компаниясының басшысы Әлібек Несіпбеков Түркістан облысында қолайлы инвестициялық жағдай жасап, өңірдің инвестициялық әлеуетін көтеру мақсатында құрылған «TURKISTAN INVEST» инвестициялық компаниясының жұмысымен таныстырды. «Қазіргі таңда «TURKISTAN INVEST» компаниясында облысқа жалпы құны 507 млрд. тенгені құрайтын 19 жаңа ірі жобаны тарту бойынша жұмыстар басталды. Оның ішінде, баламалы электр энергиясын өндіру бойынша - 6, ауылшаруашылық саласына қатысты - 5, өңдеу өнеркәсібіне қатысты 8 жоба бар. 4 кәсіпорынның биыл құрылысы басталды. Барлық жобаларды жүзеге асыру аясында 14 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары пайда болады деп жоспарлануда. Олардың қатарында жалпы құны 13 240 млн. теңгелік «ЭкоПроТех-Астана» ЖШС күн электростанциясы - 20 адамды, құны 95 000 млн. теңгені құрайтын «Standard Petroleum & Co» ЖШС мұнай өңдеу зауыты - 1 000 адамды жұмыспен қамтымақ», - деді Әлібек Ермұханұлы.

Сонымен қатар, инвестициялық компания тарапынан әлеуетті инвесторларға ақпараттық қолдау көрсету мақсатында «InvestInTurkistan.org» инвестициялық порталы әзірленген. Ондағы ақпарат ағылшын, француз, қытай,түрік, араб, орыс және қазақ тілдерін көрсетілген. Бұл порталдың көмегімен инвестор әлемнің кез-келген бұрышынан, кез-келген уақытта өзіне қажетті өңіріміздегі инвестицияға қатысы бар ақпаратты алу мүмкіндігіне ие болады.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

 

Read 583 times