Среда, 12 Июнь 2019 07:08

Түркістан облысындағы экспорттаушыларға қолдау күшейеді

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев жұмыс сапарымен Кентау қаласында, Бәйдібек және Ордабасы аудандарында болды. Сапар барысында ол индустриялық және туристік нысандарда болып, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысты, сондай-ақ мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша әкімдердің есептерін тыңдады. 

Өз кезегінде Мейіржан Иябайұлы аудан әкімдеріне шағын және орта бизнесті дамыту, инвестиция тарту, экспорт пен туризмді жаңғырту бойынша бірқатар міндеттер қойды. Облыс әкімінің орынбасары инвестицияларды тарту және экспортты дамыту әкімдердің назар аударатын салалардың бірі екенін айтты. Сонымен бірге аудан, қала басшыларына экспорттаушыларға дер кезінде қолдау көрсетілуі тиіс екені тапсырылды.

Бұдан өзге жиында аудан әкімдері тарапынан инвестициялық жобалардың тізімі жасақталатыны, өңірдегі экспорттаушылардың ұсыныстарын қабылдап және экспорттау жұмыстарына кедергі келтіретін мәселелер арнайы құрылған Жобалық кеңседе қаралатыны айтылды.

Айта кетейік, облыста бүгінде экспорттаушылар үшін 24/7 бірыңғай Call Center жұмыс істеп келеді және кәсіпкерлерге арналған барлық қажетті ақпарат орналасқан веб-портал сынақтан өткізілуде.

Одан бөлекәкімдерге «қарапайым заттардың экономикасы» даму бағдарламасы аясында жұмысты күшейту тапсырылды. Облыс басшысының тапсырмасына сай, екінші деңгейлі банктерден кем дегенде 20 бизнес-жобаға рұқсат алып, соны жүзеге асыру қажеттігі айтылды.

Мейіржан Мырзалиев аудан әкімдерінің назарын мемлекеттік және аймақтық бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге ұсынылатын мемлекеттік қолдаудың ауқымы кең екеніне аударды. Бұдан басқа әрбір әкім 2019 жылы Елбасының тапсырмасына сай, шағын және орта бизнесті дамыта отырып, жалпы ішкі өнімнің үлесін 28,2 пайызға жеткізу керектігі ескертілді.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 409 times