Пятница, 14 Июнь 2019 14:58

Түркістан облысында «Қарапайым заттардың экономикасы» қарқынды дамып келеді

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалында «Қарапайым заттардың экономикасы» жобалық кеңсе жиынын өткізді. Онда шағын және орта бизнесті дамыту, инвестиция тарту мәселелері әңгіме арқауына айналды. 

Басқосуға өңірдегі «Қарапайым заттардың экономикасына» қатысушы 9 бірдей екінші деңгейлі банк жетекшілері қатысты. Кездесуде қатысушылар аталған бағдарламаны іске асырудың тетіктерін кеңінен талқылады. Жеңілдетілген несиелендіруге арналған бағдарламаның жүзеге асуы мемлекет басшысының ерекше назарында екенін айтқан Мейіржан Мырзалиевмәселені оңтайлы шешу екінші деңгейлі банктердің жұмысын үйлестіруге тікелей байланысты екенін айтты.

Сондай-ақол облыстық әкімдіктің тарапынан жобаларды жүзеге асыру үшін қаржы институттарына барынша қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Өз кезегінде екінші деңгейлі банктердің өкілдері жалпы құны 26,3 млрд. теңгелік 15 жобаны қаржыландыруға дайын екендерін мәлімдеді. Осы жобалар барлық жағынан қолдау тапса, жобаларды жүзеге асыру бойынша Түркістан өңірі көшбасшы облысқа айналады.

Сонымен қатар қатысушыларға кепілдік құралын енгізу бөлігіндегі бағдарламаға енгізілген түзетулер туралы, айналым қаражатын толықтыру үшін қаржыландыру мөлшерін 50 пайызға дейін арттыру жайы айтылды. Одан бөлек жақын күндері бағдарламаның тиімділігін арттыра түсу үшін тағы бірқатар түзетулер енгізілетіні хабарланды. Бұл өзгеріс несие алған кәсіпкерлерге де оң әсерін тигізетін болады.

Жиынды қорытындылаған әкім орынбасары жобаларды жүзеге асыру барысында кедергілерге тап болған немесе бизнеске қатысты сауалдары бар кәсіпкерлермен ашық диалог жасауға дайын екенін айтты.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 417 times