Түлкібас ауданына қарасты Қабанбай ауылының тұрғыны Г.Таштемирова мемлекет тарапынан тағайындалған атаулы әлеуметтік көмек қаржысына 150 бас қаз құсын алып, өз жеке кәсібін өрлетуде. «Мен Таштемирова Гүлнара Тамтұмсық ауылдық округіне қарасты Қабанбай ауылының тұрғынымын. Көп балалы аналар қатарындамын. Көп балалы аналарға атаулы әлеуметтік көмек берілетін болды дегенді есітіп мәз болып қалдық. Осы күнге дейін алатын болмашы тиын-тебеніміз біріне жетсе біріне жетпейтін. Амал жоқ, жоғына барын құрап «жоқ» демей өмір сүріп келдік. Сөйтіп, қажетті құжаттарымызды жинап, көмек алуға асықтық. Сондағы ойымыз баршылықта, молшылықта өмір сүретін болдық қой дегеніміз. Расымен де, атаулы көмекті алған соң жағдаймызда едәуір жақсарды. Баяғыдай, жамап-жапсыру азайды. Балалар да керек-жарағын, тәтті кәмпиті мен ойыншық мәшинелерін алып, қуанды. Бұл біздер үшін үлкен қуаныш болды. Қарапайым халық үшін жасалған бұл көмек бәріміз үшін қолдауға ие дүние болды. Аз уақыттың ішінде алған ақшамызға үй шаруашылығында 150 бас қаз алып бағудамын. Олардың жемін, дәнін алып барынша жағдайын жасап отырмын. Алдағы уақыттада осы салада жұмыс жасап, тұрмысым мен жағдайымды жақсартқым келеді. Бізге осындай өлшеусіз көмек көрсеткен Үкіметке ана ретінде алғысым шексіз» - дейді ол.
Алдағы уақытта жеке кәсіпкер көпбалалы ана құстарды мейлінше көбейтіп, етін өткізіп, қауырсындарынан жастық жасауды да ойластырып отыр. Осылайша, мемлекеттік жеке кәсіпкерлерге қолдау көрсетуінің арқасында елімізде көптеген азаматтар жеке кәсібін ашып, пайда тауып отыр. Бұл да болса ел экономикасын өрге сүйреуге арналған қадамдардың бірі деуге болады.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»