Вторник, 02 Июль 2019 08:52

Түркістан облысы: Қазығұрттық диқандар егінге орақ салды

Түркістан облысында астық ору науқаны басталды. Егінге алғашқы орақты қазығұрттық шаруалар салды. Биыл диқандар «бітік өнім аламыз» деп құлшынып отыр. Алайда аграршылардың ісін артқа тартқан түйінді мәселелер де аз емес. 

Былтырғы науқанда аз-кем шығынға ұшыраған диқандар «биыл қамбаны астыққа толтырамыз» дейді. Жанар-жағармай мен тыңайтқышты бұл жылы дер кезінде алғанымен, шаруалардың түйіткілдері әлі де бітер емес. Маман тапшылығы және ғалымдармен байланыстың жоқтығы бүгінгі нарыққа төтеп беруге мұрша бермей тұр.

Ал шаруаға ауадай қажет техника жылдан-жылға жаңартылуда. Бүгінде жарап тұрған шетелдік бір комбайн ескі 8 «Ниваның» қызметін атқарады екен.

Биыл түркістандық шаруалар 218 мың гектарға астық еккен. «Орташа есеппен гектарынан 22 центрден өнім аламыз» деп құлшынып отыр. Астық ору науқанына қазір 1 мыңнан аса техника сақадай сай тұр. Салаға жауаптылар «шаруалар астықты шашпай-төкпей жинап алу үшін бар жағдайды жасаймыз» деп сендірді.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 694 times