Четверг, 18 Июль 2019 17:36

Түркістан: Сайрам ауданында 20 гектар жылыжай кешені іске қосылады

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев агроөнеркәсіп кешені саласында атқарылған жұмыстармен танысу үшін Сайрам ауданына барды. Алдымен  Манкент ауылында орналасқан «Нұрым Груп» ЖШС-іне кіріп, ондағы жұмыстардың жай-күйін бақылады.

10 000 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы мен құрама жем цехы бар серіктестік жылына 5000 тонна ет өнімдерін экспорттайды. Қазіргі таңда 6000 бас ірі қара мал өсіріліп, экспортталуда. Толық циклды ақылды ферма болып саналатын кәсіпорын ҚР ішкі нарығында және Иран Республикасына 2000 тонна сиыр етін экспорттаған.

Сонымен қатар облыс басшысы «Өмірәлі» шаруа қожалығына барып, егістік алқабындағы қызу жұмыстың барысымен танысты. Қожалық 5 гектар жер аумағынан гектарына 25 центнер өнім алып отыр. Онда облыс әкімі шөп жинау науқанына қатысып, арнайы жүк көліктеріне шөп артып, шаруаларға көмегін тигізді. Жалпы ағымдағы жылы 3,7 миллион тонна мал азығын жинау жоспарланып, оның 85 пайызы, яғни 3,4 миллион тонна мал азығы жиналды. Өмірзақ Естайұлы биылғы ауа-райының қолайлылығын пайдалана отырып, 1,5 жылдық мал азығын жинау қажеттігін тапсырды.

Содан соң облыс әкімі Қарамұрт елді-мекенінің аумағында салынып жатқан «Ecoinvest SA» ЖШС өнеркәсіптік жылыжайдың құрылыс барысымен танысты. Польша инвесторларының қаржысына салынып жатқан жылыжайдың жалпы аумағы 20 гектарды құраса, ағымдағы жылдың ішінде 11 гектардың құрылысын бітіру жоспарланған. Қызанақ, қияр сынды көкөністерден жылына 16 000 тонна өнім беруді көздеген жылыжай алдағы уақытта 500 адамды жұмыспен қамтымақ. Өнімдерін Қазақстан, Ресей нарығына шығаруды жоспарлаған жылыжайдың жалпы сметалық құны 7,5 милиард теңгені құрайды. Серіктестік басшысы Берік Иляев құрылысқа жұмсалған шығынды 5 жылдың ішінде толықтай өтеуді жоспарлап отырғанын жеткізді

 «AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 589 times