Четверг, 01 Август 2019 09:45

Шардаралық шаруа әр гектардан кемінде 60 центнер мақта алуды жоспарлап отыр

Түркістан облысы Шардара ауданындағы «Балтабай» шаруа қожалығы биыл да мақтадан мол өнім алуды жоспарлап отыр екен. Шардара ауданы Көксу ауылдық округінде орналасқан «Балтабай» шаруа қожалығы бүгінде шитті мақта дақылын егіп, табысын арттырып отырған қожалықтардың бірі.

Иелігіндегі 20 гектар жерге мақта тұқымын себетін қожалық 2017-жылы гектарынан 62 центнерден өнім алса, 2018-жылы өнім көлемі гектарына 60 центнерді құраған. Биылғы өнім де жылдағыдан төмен болмайтынына сенімді. «Біз ес білгелі егіншілікпен айналысып келеміз. Диханшылықтың ішінде мақта дақылы – ата кәсібімізге айналған. Біздің мұндай өнімге қол жеткізуіміздің негізгі себебі – агрокешенді шараларды дер кезінде атқаруымызда. Қожалығымыз 10 жылдан бері «Ырыс» МҚҰ 6 пайызбен несие аламыз. Қаржыны ерте алған соң егістікке қажетті минералды тыңайтқыштарды да дер кезінде сеуіп, арзандатылған жанар-жағар майды да дер кезінде аламыз. Бітік өнім, мол табыстың арқасында жыл сайын диханшылыққа қажетті техникаларымызды жаңалап, толықтырып жатырмыз» деген «Балтабай» шаруа қожалығының төрайымы Дүйсенкүл Серкебай кеңестік дәуірде алынбаған өнімге қол жеткізудің негізгі сырымен бөлісті.

«Ырыс» МҚҰ мамандарының мәліметінше Шардара ауданында жыл сайын 489 млн теңге несие алып, шаруаларын шалқытып отырған 210 шаруа қожалығы бар екен. Олардың әрқайсысы алған несиелерін мақсатты жұмсауының нәтижесінде табыстарын арттырып отыр. Жалпы алғанда «Ырыс» МҚҰ жыл басынан бері Түркістан облысының кәсіпкерлері тарапынан ұсынылған 1145 жобаны мақұлдап, 3,5 млрд теңгенің несиесін таратқан.

 «AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 493 times