Понедельник, 28 Октябрь 2019 16:57

Шымкент қаласының басшылығы өңірлік өнімді 2,4 трлн теңгеге жеткізуді жоспарлауда

Шымкентте «Nur Otan» партиясы фракциясының отырысы өтті. Отырысқа партияның Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ерлан Айтаханов пен партия мүшелері қатысып, күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Шымкенттің 2018-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасын талқылады.

Қала әкімінің орынбасары Ербол Садырдың айтуынша, бағдарламада 72 индикаторлар қарастырылып, 2018 жылы оның 65-не қол жеткізілген. Нәтижесінде, қаланың жалпы өңірлік өнімі 2,1 трлн.теңгеге жетіп, өсімі 114,1%-ды құраған және бұл өсімі бойынша республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш екен. Ал, 2019 жылы Экономика, Әлеуметтік сала, Қоғамдық қауіпсіздік және құқық қорғау, Инфрақұрылым, Экология және жер ресурстары бағыттарынан тұратын бағдарлама аясында жалпы өңірлік өнімді 2,4 трлн.теңгеге, өсімін 104%-ға және халықтың жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнімді 2,4 млн.теңгеге жеткізу жоспарлануда.

Жиында сөз алған шаһар басшысы Ерлан Айтаханов бірнеше мәселелерге тоқталып, бұл бағдарлама халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталғанын және бүгінде өзекті мәселелер өз шешімін күтіп тұрғанын айтты. «Біз партия мүшелері проблемамен тікелей күресуіміз қажет. Бұндай талапты бізге «Nur Otan» партиясының төрағасы, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қойып отыр. Мәселен, қаладағы өзекті проблемалардың бірі ол – мектептердегі оқушылардың сыйымдылығы. Кейбір мектептерде оқушылар тіптен аз, ал, кейбіреулерінде оқушылар сыныпқа симай отырады. Бұл мәселені біз мектеп салумен шеше алмаймыз. Себебі, проблемаға екі жақты қарауымыз керек. Ең алдымен мұғалімдердің деңгейін, білімін көтеруіміз қажет. Әр мектептің білімі сапалы болуы тиіс. Себебі, әр ата-ана өз баласының жақсы ұстаздан білім алғанын қалайды. Алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Біз, яғни, жергілікті партия мүшелері әр іске жанымыз ашып, жүйелі жұмыс істеуіміз керек. Сонда ғана сапалы нәтижеге қол жеткіземіз», - деді Ерлан Айтаханов. Басқосу соңында «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері аталған бағдарлама мен жаңа бастамаларды жұмыла атқаратындықтарын жеткізді.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 499 times