Семинарда «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми - зерттеу институтының» бас директоры Нұржан Әжіметов ашып, жүргізіп отырды. Жиында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев еліміздегі ауыл шаруашылық саласын дамыту мақсатында ҚР Ауыл шаруашылық министрлігі көптеген бағдарламалар қабылдап, жүзеге асырып жатқандығын, негізгі мақсат - аз күш жұмсап, мол өнім алу екендігін сөз етсе, «Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ҒЗИ» ЖШС филиалы Қ.Ү.Медеубеков атындағы қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Темір Кенжебеков «Қазақстанның әртүрлі аймағының қой шаруашылығында модельді ферма құру» тақырыбында арнайы баяндама жасады. Т.Кенжебеков жайылымды дұрыс әрі тиімді пайдалану және жердің өнімділігін арттырудың артықшылығын айта келе, заман талабына сай мал шаруашылығын дамытуда өзіміздің мамандар ойлап тапқан жылжымалы қора, мал қашыру пункттері секілді жобаларды пайдаланудың тиімділігін баса айтты.
Сондай-ақ семинарда сөз алған белгілі ғалым Рашид Омаров уақ малдың етін пайдаланғанымыз болмаса, жүні мен терісін өз дәрежесінде іске асыра алмай жатқанымызды сынға алды. Тері, жүн өңдейтін кәсіпорындар ашуға Үкімет жәрдем берсе мол табысқа кенелуге болатындығын сөз етті. Тіпті бұл мәселеге неміс кәсіпкерлері үлкен қызығушылық танытып отырғандығын атап өтті. Жиында Әбдімәжит Сыздықбеков құдық қазу ісінде кемшіліктер бар екендігін айтып, қай істе болмасын салалық министрлік пен басқармалар шаруалармен ақылдаса отырып шешім қабылдаса істің тезірек алға басатындығын жеткізсе, облыстық «Атамекен» палатасының өкілі Нұрлыбек Боранбеков түйе шаруашылығын дамыту бағытында бір қатар жұмыстар атқарылып жатқандығын сөз етті.
Семинар кеңесте көпшілік тарапынан мал шаруашылығын дамытуға байланысты қойылған сауалдарға мамандар мен ғалымдар тұщымды жауаптар берді. Жиын соңында мал шаруашылығына қажетті өнімдер қойылған көрмені тамашалаған қонақтар жылжымалы қора, мал қашыру пункті, жем-шөп дайындайтын, мал қырқатын және малдың буаз не буаз еместігін анықтайтын құрылғылар мен жабдықтармен танысты.
Семинарды қорытындылаған мамандар мен ғалымдар мал шаруашылығымен қатар өндірісті де дамыту аса қажеттігін айтып тарқасты.
«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»