Вторник, 12 Ноябрь 2019 08:03

Түркістан облысы: Жетісай ауданының жолдары жаңарып жатыр

Жетісай ауданындағы Жаңаауыл ауылдық округінің ішкі көшелерінің жалпы ұзындығы 70,5 шақырымды құрайды. Оның 45,2 шақырымы асфальт болса, 15,3 шақырым көшеге тас төселген. 

Биыл Жаңаауыл округінің 15,2 шақырымды құрайтын 11 көшесін орта жөндеуге және ұзындығы 1,7 шақырымды құрайтын 1 көшеге тас төсеуге облыстық және жергілікті бюджеттерден 208 млн. 63 мың теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жаңаауыл ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Бахтияровтың бастамасымен ескі көшелерден қырып алынған тастар қайтадан кәдеге асып жатыр екен. «Жаңа асфальт төселерден алдын ескі асфальтты 5 сантиметрдей қырып алады. Кейін барып жаңа асфальт төсейді. Біздер сол ескі асфальттардың бетінен қырып алынған тастарды да тиімді пайдаланудың жолын таптық. Ол тастарды қазір ауыл ақсақалдарымен кеңесіп, мүлдем тас төселмеген топырақ көшелерге төсеп жатырмыз» - дейді Нұрлыбек Бахтияров.

Одан бөлек Жетісай ауданына қарасты Ынтымақ ауылында бүгінгі таңда ұзындығы 13 шақырымды құрайтын 9 көшеге 183 млн. теңгеге асфальт төселсе, 3 көшеге тас төсеу жұмыстар жүргізіліп келеді.

Жетісай аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұркен Әлмештің айтуынша, 2019 жылы Жетісай ауданының автомобиль жолдарының күрделі, орта және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 3 млрд. теңгеге жуық қаржы қаралып, 136 шақырым жолдар жөндеуден өтіп жатыр.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 586 times