Воскресенье, 10 Ноябрь 2019 22:47

Мақтааралда каналдар ерекше материалмен қапталуда

Мақтарал ауданында қайта қазылып жатқан каналдар құрылысының екінші кезеңі басталды. Яғни, құрылысшылар қазір қазылған канал ұлтандары мен жиектерін су өткізбейтін арнайы материалдармен қаптауды бастады.

Бұл іске франциялық мамандар тартылып, жергілікті мамандарға жаңа технологияның қыр-сырын үйретуде. Бұл жұмыстар толық аяқталған тұста ол ағынсудың ысырапқа ұшырамауына сеп болмақ. Жасыратыны жоқ, бұрынғы каналдар шаруашылққа қызмет еткенімен, одан ағын судың ысырабы  көп болатын. Ал қазіргі қазылып жатқан каналдарда ондай келеңсіздік болмайды. Өйткені, мұнда заманауи технологиялар қолданылуда.

«Каналдарды қайта жауып, оны таптап, қайта қаздық. Енді мына метериалдарды төсеп жатырмыз. Жұмысшылардың бәрі жергілікті тұрғындар» - дейді учаске басшысы Сайын Әбдиев. Биомембрана деп аталатын бұл материалды  канал табанына төсеу аса көп уақыт алмайды және өнімді.  Сонымен қатар, бұл төсеніштер   уақыт өте келе бетондай берік  қалыпқа айналатын қасиетке ие. Озық технологияның қыр – сырын тез үйренген жергілікті мамандар ендігі жұмысты өздері атқармақ. Әзірге бұл материалдармен КА – 18 деп аталатын бұл каналдың 4 шақырымы ғана қапталады. Егер бұл төсеніштерге адам қолымен әдейі қастандық жасалмаса, оның  шыдамдылық мерзімі  300 жылға дейін жетеді дейді мамандар.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 667 times