Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірдегі департаментінің бастамасымен құрылған топ мүшелері ұлылар мекенінде биыл салынған күре жолдарға талдау жүргізген. Құрамында қоғам белсенділері мен жол саласының мамандары бар мониторингтік топ Отырар ауданында биыл күрделі һәм ағымдағы жөндеуден өткен бірнеше көшені бақылаудан өткізді. Алдымен жақында ғана құрылысы біткен «Егемен», «Жылқышиев» және «Дәрібаев» көшелерінің жайы тексерілді. Бақылау барысында күре жолдың ені мен төселген төсемелердің қалыңдығы және тығыздығына мән берілді. Ол жұмыстардың барлығы арнайы құрылғылардың көмегімен жүзеге асты.
«Жалпы, жолдың сапасы өте жақсы деуге болады. Нәтижелер жақсы. Мердігер компаниялардың да жұмысына көңіліміз толды. Алдағы уақытта да осы сапаны сақтап, мынау халықтың игілігіне берілетін жолдардың сапасын сақтап отырса, бұл дегеніміз тұрмыстық жемқорлықтың алдын алу болып табылады» – дейді «Түркістан–Адалдық алаңы» жобалық кеңсе менеджері Ерұлан Тұңғышбаев.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.