Суббота, 16 Ноябрь 2019 15:19

Түркістан: Мақтааралда бетон зауыты айына 30 млн теңгенің өнімін өндіріп жатыр

Түркістан облысы Мақтаарал ауданында айына 30 миллион теңгенің дайын өнімін шығаратын кәсіпорын жұмыс істеуде. 2009 жылы Шымкент қаласында негізі қаланған «Ғибрат Құрылыс» ЖШС биыл Мақтааралда қайта тіркеуден өткен.

Шолпан Дүйсенбина басшылық ететін кәсіпорын Мақтааралда ПУИД-2 жобасы аясында жалпы жобалық құны 115 миллион теңгенің тапсырысын қабылдап, ағын су жүйелерін салу мен оларға қажетті өнімдер шығару, каналдарды тазартудан бөлек, газ желілеріне және түрлі мекемелер мен жеке тұлғалардың тапсырысы бойынша темір-бетондар жасауда. «Түркияның «Умман» фирмасының зауытында шығарылған алып қондырғы сағатына 60 куб дайын бетон шығаруға қауқарлы. Сол қондырғының арқасында біз 4 түрлі өнім шығара аламыз. Өзімізге қажетті шикізаттардың барлығын да Шымкенттен алдырамыз. Себебі жеткізушілерімізбен талай жылдан бері жұмыс істесіп келе жатқандықтан, олар бізге тек сапалы өнім жіберуде», – деді кәсіпорынның инженер-технологы Әбдірахман Қарабеков.

57 азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорында орташа жалақы 130 мың теңгені құрайды. Жұмысшылар ыстық тамақпен, жатын орынмен толық қамтылған. Ай сайын орта есеппен 30 миллион теңгенің өнімін шығаратын кәсіпорын басшылығы сұраныс пен ұсынысқа қарай өнім көлемін арттыруға қауқарлы екендіктерін жеткізді. Айта кетейік, мұнан бөлек Мақтаарал ауданының индустриалды аймағында 2018 жылы қондырғыларының барлық функциясы бір тетіктен басқарылатын «Sоldatos» асфальт-бетон зауыты іске қосылған болатын. Греция мемлекетінің инвестициясы арқасында Алзақ Шынтаевтың басшылығындағы өндіріс орны тәулігіне 1000 тонна асфальт-бетон өнімдерін өндіре алады. Құны 300 миллион теңгені құрайтын зауыт 30 адамды жұмыспен қамтып отыр.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 757 times