Вторник, 19 Ноябрь 2019 18:29

Түркістан облысы: Кентаудағы жылыжайда жыл бойына жұмыс бар

Кентау бұрын өндірісті қала атанса, ал бүгінде ауыл шаруашылығы да қоса өркендеген өлкеге айналып отыр. Яғни кенді қаланы қазір агроөнеркәсіпті аймақ деп атауға толық негіз бар. Өйткені бұған қатысты барлық сала түгел қамтылып, ол 53 пайызды құраған. Әсіресе, оның ішінде жаңа технологияларды пайдалана отырып, жылыжай салу ісі де қарқын алып келеді. Өз кезегінде бұл экономиканы еселеп, жұмыс күші мен табысты да арттырып отыр. 

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезекті Жолдауында 2022 жылға дейін еңбек өнімділігін 2 жарым есеге өсіруді, жаңа инновациялық технологиялар мен жаңа әдістерді ендіре отырып, жұмыс сапасын арттыруды тапсырған болатын. Бүгінде сол әдістерді қолдана отырып, ауыл шаруашылығы өнімділігін дамытуға күш салып жатқандардың бірі – Пахриддин Байбишев. Шаруа жігіт үш гектар жерге жылыжай салып, өнімдер өсіруде.

«Бұл жерде тек қияр егілген. Бірінші өнімді жиып алдық, бұл – екінші өнім. Бұйыртса, ерте көктемде үшінші өнім алуға да болады» - дейді ол.

«Иассы» ауыл округіне қарайтын жылыжай кореялық үлгімен салынған. Өнімдер тамшылату әдісімен суғарылады. Мамандардың да біліктілігі жетеді. Соның арқасында мұнда лимон бауымен қатар қызанақтар да өсіп тұр.

«Бұрын лимон тек шетелде, басқа жақта өседі деп ойлаушы едік. Соны өзіміз өсіріп көрсек қайтеді деп қолға алдық. Болады екен. Енді оған арналған жылу мен шығын босқа кетпесін деп, арасына қызанақ егіп тастадық. Бірінің шығынын бір жауып тұр» - дейді Пахриддин Байбишев.

Жылыжайда өнім өсірудің барлық талаптары сақталған. Шаруалар қазір екінші өнімдерін жинауға даяр. Бұйыртса, бұл өнімдер алысқа кетпейді. Алдымен жергілікті халыққа ұсынылып, одан артылғаны батыс облыстарға жөнелтілмек.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 656 times