Аудан әкімі Есбаев Ақментай Үсенұлы мен "Nur Otan" партиясы Келес аудандық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Жұмабеков Ахмет Әбдраманұлы биылмамыр айында басталып, бітпей, жыр болған Келес ауданы аумағынан өтетін Республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолының жөндеу жұмыстарының барысына бақылау жасады. Бақылаудың нәтижесінде облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің тікелей тапсырмасымен Келес ауданы аумағынан өтетін Республикалық маңызы бар автомобиль жолының А-15 «Жызақ-Жетісай-Қызыләскер-Абай-Сарыағаш-Жібек жолы» автомобиль жолының 144-175 шақырым аралығындағы (Қошқарата-Ақтөбе ауыл округтерінің аумағындағы 31 шақырым) «ҚазАвтоЖол» Ұлттық Компаниясы» Акционерлік қоғамы Түркістан облыстық филиалы жол жөндеу жұмыстарын жарытпаған, жауапсыз мердігер «ТММ Береке» ЖШС-мен келісімшартты бұзды. Бақылау барысында бүгінгі таңда жол жөндеу жұмыстарын «ҚазАвтоЖол» Ұлттық Компаниясы» Акционерлік қоғамына тиесілі «ҚазақАвтоЖол» ЖШС жаңа техникалар мен жұмысшылар санын арттырып күні-түні жөндеу жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатқаны байқалды. «ҚазақАвтоЖол» ЖШС-нің өкілі Қылышбек Бейсенбиевтің мәліметіне сүйенсек, А-15 автожолының Жүзімдік ауыл округінің бұрылысына дейінгі бөлігіне 2 күнде асфальт төселіп, жол жөндеу жұмысы бітетінін, қалған Қызыләскер елді мекеніне дейінгі бөлігіне шұңқырларды жамау жұмыстары біткенін, ал күрделі жөндеу келесі жылы жүргізілетінін жеткізді.
«ҚазАвтоЖол» Ұлттық Компаниясы» Акционерлік қоғамы Түркістан облыстық филиалы басшысының облыс басшысына берген уәдесі бойынша айналма жол ретінде беріліп, тозығы жеткен Ошақты ауылдық округі аумағындағы автожолға да жақын күндері жөндеу жұмыстары басталып, жуырда аяқталады. А.Есбаев «ҚазақАвтоЖол» ЖШС-нің өкіліне ауа райының қолайлылығын пайдаланып, жұмысты жандандыру қажеттігін жеткізді.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.