Суббота, 16 Июнь 2018 05:14

Оңтүстік Кореялық компания Шымкентте «ақылды үйлер» салатын болды

Шымкент қаласында алдағы 10 жылда «ақылды үй» технологиясын қолдану арқылы жайлы тұрғын үйлер салынады. Салынатын «ақылды» пәтерлердің саны – 5500. Тиісті меморандум «Шымкент» ӘКК, қала әкімдігі және Оңтүстік Корея құрылыс компаниясы арасында жасалды.

Шетелдік ірі инвестор бүгінгі таңда Шымкентте «ақылды үй» технологиясы бойынша жайлы тұрғын үйлер салуды 10 жылға жоспарлап отыр екен. Құрылыстың жалпы ауданы 51,5 гектар болады. Шетелдік компания бастапқы кезеңге 160 млрд теңге жұмсауды жоспарлап қойыпты. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ғабит Мәуленқұлов әлемге әйгілі компания 5 жыл ішінде бірінші жобаның құрылысын аяқтайтынын және аталмыш меморандум көптеген жұмыстардың нәтижесі екенін атап өтті.

«Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаевтың тапсырмасы бойынша, шетелдік құрылыс компаниясымен жеті ай бойы келіссөздер жүргізілді. Бүгінгі күн - тарихи қадам, біз меморандумға қол қойдық», - деді Ғабит Мәуленқұлов.

Меморандумға сәйкес, Шымкент қаласы әкімдігі инвесторға құрылыс жүргізу үшін «Шымкент-ситиден» 51,5 гектар жер бөледі. Шымкент қаласындағы жалпы тұжырымдамаға өзгерістер енгізілгеннен кейін, оның аумағында тек әлеуметтік тұрғын үйлер ғана емес, сонымен қатар бірінші және екінші класты іскерлік тұрғын үйлер де салынады екен.

«AQ-QARA.KZ  - ақпарат»

Read 1352 times