Пятница, 26 Май 2017 07:45

Әкім болар ма екенсің?..

«ОҚО-ның 300 мыңнан астам халқы бар Мақтарал мен Сарыағаш аудандарының құрамынан бұрын біріктірілген аудандар бөлініп, өз алдына енші алып шығады екен» деген әңгіме тарағалы, «Тауықтың түсіне тары кіреді» демекші, шен-шекпеннің дәмін татып қалғаны бар, татсам ба деген дәмелілері бар, біраз жігіттердің есіл-дерті «Қайтсем сол аудандардың біріне әкім боламынға...» ауып жүрген көрінеді. Оның үстіне «Осы адамдар туралы пікір туғызып, үлкен кісілердің назарын аудара берейік әрі жұртшылықтың да құлағы үйрене берсін» деген пиғыл ма екен, жауырыншылар да қарап жатпай, үміткерлердің қатарын қалыңдатып, бірқатар азаматтардың атын атап, түсін түстей бастады. Арасында кеңесші болып жүрген, инспектор болып жүрген, тіпті «замәкім» болып жүрген ардақтылар да бар.

Әрине, жаңадан ашылған ауданның тізгін-шылбырын мықтап ұстап, шаруасын дөңгелетіп әкету оңай тірлік емес. Сондықтан кім болса да, әлгі мақталы һәм жылыжайлы аудандарға қолынан іс келетін, көрген-түйгені мол кадрлардың барғанын қалар едік. Мысалы, мемлекеттік қызметте тәжірибесі аз болғанымен, бизнесте әбден ысылғандығына әрі Мырзашөл өңірі мен «ақ алтынның» жай-жапсарын бес саусағындай білетіндігіне «ставка» жасап, облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Жамаловқа неге ауданды басқартып көрмеске?!

Кезінде Жетісай қаласы мен Мақтарал ауданын тізгіндеген Жамантай Бейсенбаев та тағынан тайып тұрған жоқ. Зейнетке шығуына әлі 4 жылдай уақыт бар.

Төрт жылдан астам мерзімде тоғыз жолдың торабындағы Арыс қаласын ажарландырып, қадамын қарыштатқан Сейіт Ертай да Мақтарал ауданына бөтен емес. Еңбек жолын 1993 жылы Жетісай ауданы әкімшілігі жастар ісі жөніндегі комитетінің бас маманы болып бастаған. Жетісай ауданы әкімшілігі жастар ісі, спорт және туризм жөніндегі басқармасының бастығы, Мақтарал ауданы әкімі аппараты ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы, Мақтарал ауданы әкімшілігі ақпарат, мәдениет және қоғамдық келісім комитетінің төрағасы, Мақтарал ауданы Қазыбек би ауылдық округінің әкімі лауазымдарын атқарды.

Бір кездері Ордабасы ауданының әкімі болған Шоқан Кенжеев пен Данияр Тілеубергеновке де жаңа аудандардың жауапкершілігін жүктеп көрсек ше?

Жә, осымен тізгінді тарта тұрайық: «свято место пусто не бывает». 

Read 2196 times