Среда, 21 Ноябрь 2018 05:23

Түркістанда халықаралық түркі академиясының ғылыми орталығы ашылмақ

Түркістан қаласында «Киелі Түркістан және Түркі дүниесінің рухани жаңғыруы» атты ғылыми-теориялық конференция өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы маңызды жиынды Түркістан облысының әкімдігі мен Халықаралық Түркі Академиясы өткізді. Жиынға елімізден бөлек Әзірбайжан, Ресей, Түркия, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, АҚШ, Тәжікстан, Үндістан мемлекеттерінен туркологтар мен ғалымдар және дипломатиялық өкілдіктерден де қонақтар келді. Жиында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани және мәдени орталығына айналу бағытында жұмыстар басталғанын мәлімдеді.

«Таяу уақытта Түркістанда Түркі әлемінің орталығы бой көтереді. Мұнда бүкіл Түркі дүниесінің ойшылдары мен ағартушыларының, ғалымдарының еңбектері қойылып, ғылыми жетістіктері көрсетіледі. Елбасы ұсынған «Түркі әлемінің 100 есімі» жобасын Түркістанда жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар.  Облысымыздың тарихи орындарын «Түркі әлемінің киелі жерлері» тізіміне енгізу жұмыстары жүргізіледі. Сонымен бірге, Түркістанда Түркі кеңесі жастарының құрылтайын өткізуге де дайынбыз.  Қазір жұмыр жер бетінде 200 миллионнан астам түркі тілдес бауырларымыз бар. Егер саяси, ғылыми және рухани бірлігіміз мығым болса, бұл үлкен күшке айналады. Жаһандану заманында біз бірге болып, қиындықтарға бірге төтеп беруіміз қажет. Бүгінгі туркологтардың басқосуы осы сенім үдесінен шығады деген ойдамын. Түркі әлемінің орталығы Түркістанымыз осындай игі бастамаларды қолдауға әрқашан дайын!», — деді Ж.Түймебаев.

Конференцияда Түркістан облысы әкімдігі мен Халықаралық Түркі Академиясы арасында ғылыми және іскерлік байланысты нығайту бағытында Меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар, Халықаралық Түркі Академиясы мен Өзбекстан республикасы арасында да келісім жасалды. Алдағы уақытта Түркістан қаласында осы академияның ғылыми орталығы бой көтереді.

Түркістан төріндегі конференция «Түркі әлемінің қасиетті жерлері», «Түркі әлемінің атақты тұлғалары»  және  «Түркі тілдері мен жазуы»  деп аталатын 3 секциядан тұрды. Секцияларда Халил Акынджы (Түркия),  Виктор Бутанаев (Ресей), Мекемтас Мырзахметов (Қазақстан), Әбсаттар қажы Дербісәлі, Кюршад Зорлу (Түркия), Қаныбек Иманалиев (Қырғыз Республикасы), Рамиз Аскеров (Әзірбайжан), Өмірзақ Айтбаев (Қазақстан), Бахтиер Каримов (Өзбекстан), Рахмоил Сафаров (Тәжікстан), Александр Васильев (Ресей) және тағы басқа тарихшылар мен ғалымдар, профессорлар мен туркологтар білгендерін ортаға салды.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 888 times