Среда, 12 Июнь 2019 10:07

Түркістан облысын дамытуға жастардың да тың жобалары үлес қосады

Түркістан облысын дамытуға арналған жас мемлекеттік қызметшілер әзірлеген үздік жобалар әкімдік тарапынан толық қолдау табатын болады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жинында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. 

Жобалардың басым көпшілігі өңірдегі туризм саласын дамытуға бағытталған екен.  Атап айтқанда, «I-Shatyr» жобасы. Ол – Ясауи кесенесі аймағында ыстықтан қорғайтын смарт шатырлар жүйесін орнату идеясы. Жобаны ұсынушы Жанбота Оразбаеваның айтуынша, интеллектуалды шатырлар ыстық климатты Түркістан қаласына арналған. Ясауи кесенесіне келуші туристерді жаздыгүні күннен қорғап, көлеңкелеуге арналған. Жобамен танысқан облыс әкімі жаңа жүйені күз мезгіліне қарай іске қосу қажеттігін тапсырды.

Ал «EKO-Jai» – Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгірі айналасында туристер үшін экологиялық шағын демалыс үйлерін салу жобасы. Жоба авторы НұрболМәметттің айтуынша, экологиялық үйлерде туристерге барлық жағдай жасалады. Жалпы құны 50 млн теңгеге 10 үй салуды ұсынып отыр. Облыс әкімі тиісті басқарма басшыларына жобаны жоспарға енгізіп, алдағы уақытта жүзеге асыру керектігін жүктеді.

«Zhan-Uia» жобасы. Өңірдегі қарттар үйі мен балалар үйін біріктіру жүйесі. НұрилаСаматулланың айтуынша, бұл канадалық жоба бала күлкісі мен мейірімге мұқтаж жандарды жақындастыруға бағытталған. Жобамен танысқан облыс басшысы Өмірзақ Естайұлы келесі жылдан бастап Түркістан қаласынан жобаға қажетті ғимараттардың құрылыс жұмыстарын бастау қажеттігін тапсырды.

«EthnoVillage» – бұл қаланың тарихи аймағына этноауыл салу жобасы. Жоба авторы АйжанҚоспаеваның айтуынша, жалпы құны 40 млн теңгені құрайды. Ясауи кесенесі аймағынан бой көтеретін этноауыл келуші туристерге қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрі мен тағамдарын, төл ойындары мен қолөнерін таныстыратын болады. Жоба алдағы уақытта жүзеге асатын болады.

Жиында таныстырылған келесі жоба «Е-Halyk жүйесі. Бұл – көпбалалы аналарға жәрдемақы беруді оңтайландыруға арналған бағдарлама. Жоба авторыНұрдәулет Есенбаевтың айтуынша, бағдарлама әлеуметтік жәрдемақыны еш кедергісіз, кезексіз алып, уақыт үнемдеуге бағытталған.

Келесі «Таза сана, таза қала» жобасыКентауқаласында қоқыс шығару жүйесін цифрландыру және тұрғындарды тазалыққа үгіттеуге арналған. Жоба авторыЕлнұр Ермановтың баяндауынша, жоба Кентау қаласындағы тазалық жүйесін цифрландыруға бағытталып отыр. Яғни қоқыс жәшіктеріне арнайы QR-кодтар қойылып, қоқыстың көбейгені, жәшіктің босатылған уақыты орталықтандырылған жүйеге хабарланып отыратын болады.

Айта кетейік, бұл жобаларды ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облыстық филиалында қайта даярлаудан өткен жас мемлекеттік қызметшілер ұсынды.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 738 times