Пятница, 21 Июнь 2019 11:26

Жетісай ауданында ҰБТ-ға дайындық барысы пысықталды

Биыл Жетісай ауданында «Дарын» мектебін қоса есептегенде 2689 оқушы мектеп бітірді. Оның 1709-ы Ұлттық бірыңғай тестке қатысуға өтініш білдірген. Солардың ішінде 1626 түлек қазақша, 82 оқушы орысша, тәжік тілінде мектеп бітірген 1 шәкірт қазақ тілінде тест тапсыратын болады. 1709 оқышының ішінен ауылдық мектепте оқитын 1294 түлек ҰБТ өтетін күндері тестілеу өтетін орындарға тасымалданып, оларға тегін тамақ берілетін болады. Бүгін осы және өзге де дайындық жұмыстары туралы аудан әкімі Жамантай Бейсенбаевтың қатысуымен өткен жиында әңгімеге арқау болды.

Жиында сөз алған өңір басшысы ҰБТ өткізетін орындар мен жауапты мамандардың дайындығын тағы бір пысықтау қажеттігіне тоқталды. Биыл Жетісай ауданында ҰБТ өткізу үшін 14 аудитория қоры жасақталған. Оның 3-еуі денсаулығы нашар түлектерге арналып отыр. Барлық кабинеттер тиісті құрал-жабдықтармен қамтылған. Аудиторияларға бейнебақылау камералары орнатылып, жаңадан ұялы байланыс телефондарын тұншықтыру құралдары және рамалы металліздегіш сатып алынған. Сондай-ақ, барлық аудиторияларда салқындатқыштар мен бейнебақылау камералары орнатылыпты. Бұдан бөлек, ата-аналарға балаларының қалай тест тапсырып жатқанын бақылау үшін арнайы монитор орнатылмақ. 

Айта кетейік, биыл яғни 2018-2019 оқу жылында Жетісай ауданындағы 70 мектепте 43 мың 666 оқушы білім алды. Оның 2627-сі биылғы мектеп бітіруші түлектер. Солардың ішінде «Алтын белгі» медаліне 180 бітіруші түлек және «Үздік аттестатқа» 110 оқушы үміткер атанып отыр. Ал 9-сыныпты бітіруші 3661 білім алушыдан 394 оқушы негізгі орта білімі туралы үздік аттестатқа үміткер.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 637 times