Понедельник, 14 Октябрь 2019 12:25

Шымкенттегі 148 мектепте «Эко-сағат» акциясы өтті

Шымкент қаласының барлық мектептерінде «Эко-сағат» акциясы басталды. Республика көлемінде жаппай бастау алған акция аясында қаладағы №89 мектеп-лицейінде ұйымдастырылған іс-шараға қала әкімі Ерлан Айтаханов арнайы ат басын бұрды

Табиғат адамның күнкөріс көзі екенін айтқан қала басшысы жасөспірімдерге қоршаған ортаны қорғау керегін түсіндіріп, оқушылармен бірге ағаш отырғызды.«Балаларды еңбек ету тәсілдеріне баулу қажет. Бұл бағытта жылыжайды оқу-тәжірибелік учаскесі ретінде пайдаланып, биология, табиғаттану, еңбек пәндерінде практикалық сабақтар өткізу дұрыс деп санаймын. Табиғат қамқоршысы бола білген халқымыздың дәстүрін танып білу, олардың ісін әрі қарай жалғастырушы бүгінгі ұрпаққа үлгі, өнеге ету ұстаздардың басты борышы», - деді Е.Айтаханов.

Әкім мектеп-лицейдің «Флора&Фауна» жаратылыстану пәндері зертханасымен және мектеп жанынан құрылған жылыжаймен танысты. Сонымен қатароқушылардың табиғи қалдықтардан жасаған бұйымдар көрмесін тамашалап, мектеп оқушыларының бақыт гүлі (хризантема) және қызанақ өсіру технологиясы туралы жасаған ғылыми жобаларымен танысты.

Акцияға мегаполистегі 148 мектеп пен онда білім алатын 200 мыңға жуық оқушы қатысты. Бұл күні аталған мектептерде жалпы 5000 ағаш көшеті егілсе, экологиялық бағытқа бейімделген №89 мектеп-лицейінде 80 түп ағаш егілді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 796 times