Понедельник, 21 Октябрь 2019 11:57

Шымкентте мектеп психологтары арасында семинар-тренинг өтіп жатыр

Жасөспірімдердің психологиясымен дұрыс жұмыс жүргізу. Осы бағытта Шымкентте мектеп психологтары арасында семинар тренинг басталды. Білім ұясындағы мамандарға медицина ғылымының докторы тәрбиесі қиын оқушылармен жұмыс жүргізудің тиімді, замануи жолдарын үйретуде. 

Психологтардың біліктілігін арттыруға арналған семинар Шымкент қалалық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Мектеп психологтарына арналған семинар үш күнге жалғасады. Бұл дәрісті медицина ғылымының докторы, психотерапевт дәрігер, медицина психологы Марат Асимов жүргізуде. Білікті маман «Жасөспірімдердің психологиясы» тақырыбында дәріс оқып, жан күйзелісінің пайда болу себептерін атап көрсетті және оның алдын алудағы білімнің маңыздылығын түсіндірді. Шара соңында психолог мұғалімдерге орталық атынан сертификат табысталады.

Осы тұста атап өтер жайт, адам өміріндегі ең маңызды, есте қалатын кезеңнің бірі – жасөспірімдік шақ. Яғни11-20 жас аралығы. Мінезі де, сабағы да қиындап, қоршаған ортамен жанжалдасатын, сіркесі су көтермейтін уақыт. Әсіресе 7, 8, 9-сыныптарда оқитын оқушыларға тән көрініс. Жасөспірімдер өздерінің енді бала емес екенін, алайда ересекке де жатпайтынын түсінеді. Ересектерге еліктеп, солардың қылығын қайталайды, кейбірі зиянды әдеттерге әуес болады. Үлкендердің ақыл айтқанын жақтырмайды. Өйткені өздерін ақылды сезінеді. Ата-аналарының айтқан ескертулеріне, мұғалімдерінің кеңестеріне қарсыласып, өре түрегеледі. Бақытымызға орай, жасөспірімдік шақ өтпелі кезең. Оның ата-анасы, ата-әжелері де дәл осы кезеңнен өткен. Сондықтан әрбір жеткіншек өзіне түсініксіз қалыптың уақытша екенін есінде ұстағаны жөн.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 801 times