М.Кемел мемлекет басшысының халыққа жолдаған Жолдауының маңыздылығына тоқталып, сонау ел тәуелсіздігін алған жылдардан бастап бүгінгі экономикалық ахуалды әңгімелеп берді. Сондай-ақ жазушы жастарға ақыл-кеңесін беріп, қашанда білімді ұштай беру керектігін, заман ағымына ілесе отырып, адамгершілік, мейірімділік сияқты ізгі қасиеттерді бойдан жоғалтпау қажеттігін еске салды. Жиын барысында тақырыптық роликтер көрсетіліп, жастар жағынан түрлі бағытта сұрақтар қойылды. Экономика ғылымының докторы ынта-ықыласымен жастарға жауап беріп, өзінің философиялық құнды ойларымен бөлісті. Аудан әкімінің орынбасары Б.Төребеков арнайы атбасын бұрып келіп, мақталы өлкенің жастарына құнды кеңестерін бергені үшін қоғам қайраткеріне алғысын айтып, шапан жапты.
Айта кетейік, Мырзагелді Кемел 1949 жылы ОҚО, Мақтаарал ауданында дүниеге келген. 2004 жылы "Экономика ғылымдарының докторы" ғылыми атағын алған. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, 14 монографияның, 100-ге жуық ғылыми мақалалардың авторы.Руханият саласында 10 кітап шығарған. Олардың ішінде өзі жазған ізгілікке, имандылыққа, білім-білікке, ақыл-парасатқа үндейтін танымдық-көсемсөздік еңбектерімен қоса, қытай философтары Лао Цзы мен Конфуцийді, испандық пәлсапашы Бальтасар Грасиан, ежелгі үрім және грек ақылмандарының афоризмдерін, қазіргі ілімдерді насихаттаушы Луиза Хей, бүгінгі күннің ең атақты жазушыларының бірі Пауло Коэлъолардың таңдаулы еңбектерін қазақ тіліне тәржімалаған. "Дүние" және "Экология и устойчивое развитие" журналдарын шығаруға атсалысып, "Абзалдық әліппесі", "Өзіме сабақ" сияқты кітаптары оқырман қауымның жоғары бағасын алған.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.