15 қараша — Ұлттық валюта күніне орай ұйымдастырылған шараға ұстаздар мен оқушылар қатысып, музей қорында сақталған 1993 жылғы қағаз ақшалар мен металл теңгелердің түрлерін тамашалады. Металл ақшалар қатарында мерекелік теңгелер де қойылған.
«Музей қорында сақтауға алынған нумизматикалық жәдігердің жалпы саны — 13628 дана. Нумизматикалық жәдігерлер қорындағы ескерткіштердің өзі ішінара негізгі және көмекші қор жәдігерлері болып бөлінген. Негізгі қор жәдігерлері қатарына археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған нумизматикалық табыстар, көмбелер, сирек кездесетін нумизматикалық жәдігерлер енген. Қордағы негізгі қор жәдігерлерінің көпшілігі белгілі нумизмат-ғалымдар тарапынан зерттеліп, ғылыми айналымға қосылған. Біздің қорымызда 18 дана алтын, 500-ге жуық күміс жәдігерлер сақтауға алынған. Алтын жәдігерлердің 15 данасы ХІІІ ғасырдың екінші жартысында соғылған Моңғол империясы ақшалары болып табылады. Құнды металдардан соғылған ақшалардың барлығы дерлік республикалық сынамдау палатасында тексеріліп, құрамы анықталған. Бүгін біз 1993 жылдан бастап айналымға енген теңгелер мен тиындардан көрме ұйымдастыруды жөн санадық. Оқушыларға қолданыстағы және қолданыстан шыққан ақшалар жайлы түсініктеме беріліп, тарихы айтылды. Тарихи деректерді тыңдап, білуге балалардың қызығушылығы зор»,- дейді «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қор сақтаушысы Толқын Жолдасов.
Көрмеден кейін өткен лекция барысында Қазақстан территориясының ертеортағасырдан бүгінгі күнге дейінгі нумизматикалық тарихы жайлы сөз қозғалды. Оқушылар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарды қойып, пікір алмасты.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.