Ол былтыр ата-дәстүрді жаңғыртуға арналған «Киіз үй» жобасымен республикалық байқауда үздік атанған. Данагөй қарияның басқа да инновациялық жобалары жетерлік. Ақсақал өзінің қос бірдей жобасын таныстырып берді. Енді ол осы идеяларының облыс пен миллионды қала игілігіне жарағанын қалайды.
45жыл ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған Бекбатыр Әйменов – бірнеше үздік жобалардың авторы. «Аспалы жол» деп аталатын тың идеясы қаладағы кептелісті болдырмауға бағытталған. Ақсақалдың айтуынша, аспалы жол жел, күн энергиясынан қуат алады. Артықшылығы – кететін шығын көлемі азаяды, онымен қоса экологияға да зиянсыз болмақ. Тіпті артық жерді де қажет етпейді. Қолданыстағы жолдың үстіне салуға болады.
Қария өз жобасында Елбасының «Қолжетімді баспана» бағдарламасының талаптарын да ескерген. Шеңбер пішіндес «Болашақ қала» атты тұрғын үй кешені артық шығынды қажет етпейді. Қазіргі үйлердің құнынан екі есе арзанға түседі. Құрылысына қажетті материалдар отандық өнім болмақ. Күн энергиясынан қуат алатын қондырғымен қамтылатын бұл кешендерде мектеп пен автотұрақ та қарастырылған. Онда тұрғындар тіпті жылыжай егумен де айналыса алады. «Ғимараттың биіктігінің пропорциялық қасиеті сақталады, осылайша 8 балға дейінгі жер сілкінісіне төтеп бере алады», - дейді қария.
75 жастағы ақсақалдың тың идеялары әзірге тек жоба жүзінде тұр. «Үздік» деп танылған иновациялық идеяға бүгінде көршілес Ресей мен Өзбекстан елдерінен сұраныс мол екен. Алайда ол өз туындыларының өз елінде ғана қолданысқа енгенін қалайды. Қария қиялынан туындаған құнды дүниелердің ақиқатқа айналуына Президент пен Үкіметке ғана үлкен үміт артып отыр. «Шет елдерде жоқ құрылыс нысандары еліміздегі жасыл экономиканың шынайы жүзеге асуына негіз болады», - дейді жоба авторы.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.