Жастар – жарқын болашақтың кепілі. Білім мен ғылымның дамыған заманында бүгінгі ұрпақ жаңа технологияны жетік меңгере білуі қажет. Осы мақсатта Түлкібас ауданында цифрландыру бағдарламасы негізінен 5 салада қарқынды жүргізілуде. Олар білім, денсаулық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және қауіпсіздік. «Ақпараттық технологияларды тереңдетіп оқыту мақсатында А.Пушкин атындағы ақпараттық технологиялар мектеп-лицейі пилоттық жоба ретінде алынған еді. Нәтиже жаман емес», - дейді ұстаздар.
Түлкібас ауданда жалпы 60 мектеп бар. Оның 45-і жалпы білім береді. Ал біреуі – үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты. Ол жерлерде 22138 оқушы білім алуда. Ауданда үш аусымды мектеп мәселесі шешілген. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша қанатқақты жоба ретінде таңдалып алынған білім ұясының жанынан тіпті 250 оқушыға арналған қосымша нысан салынып жатыр екен.
Аудандағы цифрландыру үрдісі Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы аясында қолға алынған. Алдағы уақытта білім ұяларында оқушыларға соңғы ақпараттық технологияларды меңгеруге бағытталған кабинеттер ашу жоспарланған.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.