Воскресенье, 18 Ноябрь 2018 05:16

Түркістан облысы: Жетісай драма театры республикалық фестивальден оралды

Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының шығармашылық ұжымы 10-14 қараша аралығында Өскемен қаласында өткізілген Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, актер, ақын Рүстем Есдаулетов атындағы кіші формадағы сахналағанған спектакльдердің ІІ республикалық театр фестиваліне қатысып қайтты.

Өнер додасына жалпы республикамыз аумағынан онға жуық театрлардың да қатысқанын атап өткеніміз жөн. Бұлардың қатарында Астана қаласының Жастар театры, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық драма театры, Солтүстік Қазақстан облыстық Қазақ сазды драма театры, Астанадағы М.Горький атындағы академиялық орыс драма театры сияқты саңлақ өнер ұжымдары да бар. Жетісайлықтар аталған дүбірлі өнер байқауына Ш.Айтматовтың «Жәмилә» махаббат тарихын алып барған еді. Шығыстың талғампаз көрермендері қойылымдағы Данияр (әртіс-Қ.Қасымбеков) мен Жәмиләнің (әртіс-Б.Қалдарбекова), сондай-ақ Сейіттің (әртіс-С.Арипханов) арасындағы психологиялық сезімдерге толы көріністерге талай рет ризашылықпен қол соқты. Тәуелсіз еліміздің қиыр оңтүстігінен қатпар-қатпар тарихы бар сонау шығысқа өнер сапарымен барған Жетісай драма театрының әртістері үлкен шығармашылық әсермен оралғанын да айта кеткеніміз жөн.

Әділқазылар алқасының шешімімен С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің ректоры, профессор М.Төлеген тағайындаған «Үміт» номинациясы Сейіт ролі үшін Жетісай драма театрының талантты әртісі Сағитжан Арипхановқа берілді. Сондай-ақ, мырзашөлдік өнер ұжымына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д.Ахметовтың Алғыс хаты да салтанатты түрде табысталды.  «Мұндай фестивальдардың біз үшін берері көп. Өйткені, әртістеріміз осындай дүбірлі шығармашылық ортада шыңдалып өздеріне есеп береді, ой түйеді. Табыстары мен кемшіліктерін де сараптайды. Өнер додалары осынысымен де құнды. Жалпы біздің шығыс өлкесінен алған әсеріміз көп болды», - деді Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының директоры, ҚР мәдениет қайраткері Б.Сраилов.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

 

Read 1098 times