Вторник, 04 Декабрь 2018 10:02

Түркістан облысы: Бәйдібек ауданында мәдениет үйі ел игілігіне берілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай Бәйдібек ауданының Ағыбет елді мекенінде 150 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді. Шараға Бәйдібек ауданының әкімі Бақытбек Танагөзов қатысып, жаңадан пайдалануға беріліп отырған нысанның лентасын салтанатты түрде қиды. 

Аудан мәдениетінің шежірешісі әрі сазгері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, ауданның «Құрметті азаматы» Әуесхан Есенжолов ауыл тұрғындарына құттықтау тілегін білдірсе, елді мекен тұрғындары атынан ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Шаймахан Шайырбеков зәулім мәдениет үйінің Ағыбет ауылынан бой көтеріп, пайдалануға беріліп отырғандығына ел ризашылығы мен алғысын жеткізді.

Облыс қазынасынан 110 миллион 207 мың теңге қаржы бөлініп, ағымдағы жылдың мамыр айында басталған бұл мәдениет ошағының құрылысы мерзімінде аяқталып отыр. Ол толықтай заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Көрермендерге арналған 150 орындық концерт залы мен жеті мың данаға жуық кітап қоры бар кітапхана және оқу залы бар. 

Бұрын бұл ауылда мәдениет ошағы болмаса да, талай өнер дүлдүлдері шыққан. Тау бөктеріндегі Ағыбет ауылында 700-ден аса халық тұрады. Бір кездері Майбұлақ кеңшары болған елді мекен – қазір төрт ауылдың басын біріктірген округ санатында. Тұрғындары да өнер десе, «ішкен асын жерге қояды. Бұл елді мекенде Кеңес кезеңінен бері мәдениет ошағы болмапты. Сонда да «Ел іші – өнер кеніші» демекші, елімізге танымал Жарылқасын Дәулет, Айгерім Қалаубаева, Біржан Байтуов сынды көптеген  өнер майталманы осы өңірден қанат қаққан.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1701 times