Вторник, 04 Декабрь 2018 16:21

Түркістан қаласында "Дәстүрлі құндылықтар керуені" қорытындыланды

Кешегі сәрсенбіде Түркістан қаласының Мәдениет үйінде «Дәстүрлі құндылықтар керуені» атты көшпелі іс-шара жалғасын тапты. Бұл керуеннің басты мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі рухани мәдениетін елімізде ілгерілету, мемлекетіміздің рухани тірегі болған асыл дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттау және рухани құндылықтарды жаңғырту. 

Осы мақсатта шараға арнайы келген Түркістан облысы Дін істері басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығының бөлім басшысы Дәлелхан Оспанов, Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының халық шығармашылығы орталығының бөлім басшысы Шолпан Мамытханова, Түркістан облысының «Ақсақалдар алқасының төрағасы» Ж.Әзіретбергенов, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» директорының орынбасары Мәди Бесбаев, орталықтың бөлім басшысы Файзулла Тайтелиев, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Құлбайымбетовтер қатысып, халықтың ұлттық санасын ояту арқылы теріс пиғылды діни ағымдармен қарсы күресудің мәдениетті жолын түсіндіре отырып, ұрпақтың рухани санасын жаңғырту, салт-дәстүр мәдениетімізді көздің қарашығындай сақтай білу және тағылымы мол тарихымызды қастерлеудің құндылығын ұғындыруда көптеген келелі пікірлері мен әңгімелерін айтты.

Бұл келелі басқосуды Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Ғани Рысбеков жүргізіп отырды. Дәстүрлі құндылықтар керуені іс-шарасына қаладағы терроризмге қарсы комиссияның мүшелері, дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, мешіт имамдары, мектептің дінтану пәнінің мұғалімдері, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, ішкі саясат бөлімінің мамандары, жергілікті БАҚ өкілдері, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 1989 times