Пятница, 14 Июнь 2019 18:07

Түркістан облысы: Қазақтың мықты қаламгерлері «Túrkіstan tórіnde» келелі ой қозғады

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Мәдениет орталығында «Túrkіstan tórіnde» атты сырласу-сұхбат кеші өтті. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған «Түркістан төрінде» жобасының алғашқы кездесуін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ашып берді. 

«Бұл идеяның мақсаты – танымал руханият майталмандарымен Түркістанның мәдениеті,  тарихы, жалпы қалың қазақтың, түркі әлемінің  болашағы  жөнінде ой қозғау, ақылдасу. Өздеріңіз білетіндей, мемлекет басшылығы тарапынан Түркістан облысына, Түркістан қаласына айрықша қолдау көрсетіліп жатыр. Біз құрылыс нысандарын салуды және өзге де жұмыстарды уақытында атқара аламыз. Қаланы да саламыз. Бірақ сонымен бірге мәдениетіміз бен руханиятымызды да соған сай етуіміз керек. Мәдениет деген ұғым менің түсінігімде  музыкамен, киномен, әдебиетпен ғана шектелмейді. Мәдениет – адамның болмысына сіңетін терең ұғым. Үйде де, көшеде де, өндірісте де, жұмыста да ең алдымен мәдениет жоғары болуы тиіс. Біз Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналдыруды көздеген болсақ, осы игі іске Қазақстандағы бар ресурстарымызды, интеллектуалды тұлғаларды жұмылдыруымыз керек. Міне, «Түркістан төрінде» жобасын қолға алудағы ойымыз да – осы» деген өңір басшысы сұхбатқа араласып отырды. Дәл бүгін туған күнін атап өтіп отырған танымал қаламгерНұрлан Оразалинді құттықтап, құрмет көрсетті.

«Түркістан төрінде» жобасының алғашқы қонақтары – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары, көрнекті қаламгерлер Төлен Әбдік және Нұрлан Оразалин, сондай-ақ танымал жазушы, кинодрамматург Смағұл Елубай болды. Жүздесуді танымал жазушы «Алаш» халықаралық сыйлығының иегері Мархабат Байғұт жүргізіп отырды.

Төлен Әбдік алдымен жұртшылықты Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуымен құттықтады.  Түркістанның жаңа мәртебе ие болғанына ерекше қуанғанын, ұлттық сананы жаңғыртуда бұл қаланың орны ерекше екенін жеткізді.

«Біз тәуелсіз ұлт болу процесін бастан өткерудеміз. Бірақ бұл мәселеде әлі жоғары деңгейге жете алған жоқпыз. Кешегі кеңестік санадан да, рулық санадан да толық арылдық деп айта алмаймыз. Осы үдерістерден өтіп, үлкен ұлтқа сай мінез көрсетіп, ғылым мен білімді дамытуымыз керек» деді жазушы.

Ал ақын, драматург Нұрлан Оразалин Түркістанның әдебиет пен өнердің орталығына айналатынына сенім білдіріп, қасиетті шаһарды дамыту, елді бірлікке шақыру туралы келелі ойлар қозғады.

Жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай қоғамды алға жетелеу үшін әр адамның иманын күшейту, дін мен ғылымды қатар дамыту керектігін айтты.

Әсерлі жүздесуде Түркістан облысының шығармашылыққа құмар қауымы үш қаламгерге де, өңір басшысына да сұрақтарын қойып, пікір алмасты. Үздік сұрақтарымен көзге түскен оқырмандарға үш қаламгердің кітаптары сыйға тартылды.

Кездесу соңында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев  қаламгерлердің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Алдағы уақытта «Түркістан төрінде»  жобасы ай сайын өткізіліп тұрады. Оған Қазақстанның және түркі әлемінің көрнекті ақын-жазушылары мен қоғам қайраткерлері, спорт және өнер жұлдыздары, кәсіпкерлері, айтар ойы бар зиялы өкілдері қатысып, жұртшылықпен кездеседі. Телеарнадан толық көрсетілетін жоба арқылы Түркістан өңірінің рухани, мәдени, зияткерлік деңгейін көтеріп, бірлік пен ынтымақты, тұрақтылықты жан-жақты нығайтуға үлес қосу көзделген.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 679 times