Пятница, 14 Июнь 2019 14:15

Түркістанды Түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналдыратын жобалар жетерлік

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуына орай «Түркітілдес елдердің рухани астанасының дамуы және жаңа жобалар» тақырыбында баспасөз-конференциясы өтті. Баспасөз-конференциясына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік ОТАРБАЕВ, Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Нұрдәулет ИСАБЕК, Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен ҚАЛҚАМАНОВ қатысты. 

2018 жылдың 19 маусымында Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойып, облыс орталығы етіп Түркістан қаласын бекіткен болатын. Осылайша талай ғасыр артқа салып, Түркістан тарихи мәртебесін қайта иеленді.

Түркістан – тарихы тереңде жатқан, түркітілдес елдердің рухани астанасы. Киелі қаланы мекен еткен әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында исі қазақтың мақтаныштары — 21 хан, 56 батыр, 21 би и 8 сұлтан және жүздеген игі жақсылар жерленген. Осыдан-ақ Қазақ елі үшін Түркістанның ерекше құрметке ие екенін білуге болады. Облыс орталығы болғалы арада бір жыл өтті.Бұл уақыт Түркістан үшін аса маңызды кезең болды. Көне шаһар күннен-күнге көркейіп, заманауи келбетке ие болып келеді. Облыстың әлеуметтік-экономикалық саласы, рухани-мәдени бағытында оң өзгерістер орын алған.

Баспасөз-конференциясында сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев мерейтой қарсаңында өткізілетін іс-шаралардың мән-мағынасына тоқталып, жоба аясында 46 шара өткізілетінін айтты. Мысалы, облыстың бір жылдығына орай «Түркістаным — Тұраным» тақырыбында облыстық музейлер мен кітапханаларда дөңгелек үстелдер мен кездесулер, суретшілер мен қолөнер шеберлерінің кеңейтілген көрме экспозициясы өткізілсе, Түркістан облысының көрікті орындары, түрлі оқиғаларынан сыр шертетін «Ұлы даланың Түркістаны» атты фотоэкспедициясы ұйымдастырылуда. Сондай-ақ «Túrkіstan tórіnde» тақырыбында сұхбат-сырласу кеші ұйымдастырылып, елге танымал спикерлер түрлі тақырыптар бойынша ой қозғайды.

Түркістанның дамуы жөніндегі пікірлерін айтады. Түркістан халқын қуанышқа бөлеп, рухани ләззат сыйлайтын мәдени іс-шаралар легіне тоқталған Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Нұрдәулет Исабек Түркістан облысының 1 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласында «Төле би» 10 сериялы кинохикаясының тұсауы кесілетінін жеткізді. Фильммен бірге«Ордабасы – бірліктің туы», «Оқсыз оқиғасы», «Түркістан» анимациялық фильмдері көрерменге жол тартады.

Жиынды қорытындылаған Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқаманов баспасөз-конференциясына келген журналистер қауымын 14 маусым күні «Қазмедиа орталығында» өтетін фильмдер тұсаукесеріне және 18маусым күні Түркістан облысында өтетін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қатысуымен өтетін баспасөз-конференциясына шақырды.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Read 578 times