«САҚ» киностудиясы мен «Оңтүстікфильм» мекемесі бірлесіп түсірген «Төле би» телехикаясы өзінің тарихи салмағымен, қызықты оқиғаларымен, шебер сценариімен көрермен жүрегіне жол тауып, бойдағы отаншылдық рухты оята білді. Фильмнің таныстырылымында Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Исабек Нұрдаулет құттықтау сөз сөйлеп, осы туындыны жарыққа шығарған азаматтарға алғысын айтты.
Фильмнің қысқартылған нұсқасы түркістандықтардың назарына ұсынылған соң туындының көркемдік жетекшісі, аса көрнекті режиссер Сатыбалды Нарымбетов осы фильмге қатысқанын мақтан тұтатынын жеткізсе, Төле би туралы кітаптың авторы, жазушы Шойбек Орынбай өз романының экранға сәтті шыққанына қуанышты екенін, сенімі ақталғанын айтты. Ал фильм режиссері Батырхан Дәуренбеков «Сериал арқылы Төле би бабамыздың тек шешен ғана емес, жас кезінде ел үшін қолына найза алған батыр болғанын, кейін үлкен саясаткерге айналғанын, «Жеті жарғы» заңдар жинағын шығаруға атсалысқан тұлға екенін көрсете білдік. Қолдау білдірген Түркістан облысы әкімдігіне рахмет. Біз енді тарихи фильм түсіруден қорықпаймыз», – деді.
Салтанатты жиын соңында фильмге атсалысқан азаматтарға алғыс хаттар тапсырылды.
«AQ-QARA.kz»-ақпарат.