Понедельник, 14 Октябрь 2019 10:10

Шымкент: Корейлердің қиын-қыстау кезеңде барша этностарға пана болған қазақ еліне алғысы шексіз

Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында мерекелік жиын өтті. Корейлердің Қазақстанға келу тарихынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылып, ұлттық тағамдары, мәдениеті, салт-дәстүрі көпшілікке таныстырылды. 

Мерекелік жиында Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқарев, Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, "Nur Otan" партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов және Қазақстан корейлері ассоциациясының президенті Сергей Огай құттықтау сөз сөйлеп, елдегі этносаралық бірлікті нығайтудың маңыздылығын айтты. Ал Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак қиын-қыстау кезеңде барша этностарға пана болған Қазақ еліне алғысын жеткізді. «Қиын жылдарда қазақ халқының біздің ата-бабаларымызды ыстық ықыласпен қарсы алғанын алғыс сезіммен еске аламыз. Қазақ халқының дархандығының арқасында өсіп-өндік. Бүгінде бірлігі жарасқан, болашағы зор мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Қазақстан – өз Отанымыз. Ортақ Отанымыздың көркеюі үшін аянбай еңбек ететін боламыз,- деді ол.

Жиында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға қала әкімінің және қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен қалалық мәслихаттың алғыс хаттары тапсырылды.

Бүгінде елімізде 100 мыңға жуық корей этносының өкілдері өмір сүреді. Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігі өңірдегі 9 мыңнан астам корейдің басын біріктіріп отыр. Оның жанында ардагерлер алқасы мен жастар қанаты, жексенбілік мектеп, «Моранбон» фольклорлық ансамблі жұмыс істейді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 732 times