Вторник, 15 Октябрь 2019 05:56

Шымкентте «Қазақтану» жобасы аясында көрме-фестиваль өтті

Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Әдеп-ғұрып және салт дәстүр орталығының ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі «Қазақ дастарқаны» көрме-фестивалінде 11 этномәдени бірлестік өкілдері қазақтың ұлттық тағамдарын әзірледі. Мерекеге жиналған көпшілікке дастарқан жайылды. 

Көрме-фестиваль аясында жұртшылық бауырсақ пісіру мен таба нан жабудың тәсілдерімен танысты. Асық ату, ләңгі тебу, арқан тарту секілді қазақтың ұлттық ойын

түрлері мен этномәдени бірлестіктер жанындағы өнер ұжымдары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады. Мақсат – ұлтымыздың қонақжайлық дәстүрін дәріптеп, рухани құндылықтарымызды жаңғырту, қазақтың ас мәзіріндегі ұлттық тағамдардың сан алуандығын жұртшылыққа паш ету.

«Қазақтану» жобасы аясындағы көрме-фестивальге қалалық мәслихаттағы «Бірлік» депутаттық тобының мүшелері, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, діни конфессия өкілдері, қалалық ассамблея жанындағы құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің белсенді мүшелері қатысты.

Айта кетерлігі, «Қазақ дастарқаны» фестивалі Шымкенттегі Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 2015 жылдан бері өткізіліп келеді. Өткен жылдары өңірдегі этнос өкілдері қазақтың ұлттық тағамы ет асудан және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақтың ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарын дайындаудан сайысқа түскен-ді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 708 times