Суббота, 09 Ноябрь 2019 12:58

Түркістан: Келесте алдағы жылы 5 мәдениет нысанын салу жоспарланған

Келес ауданы әкімдігіне қарасты ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің 2019 жылдың 9 айында атқарған жұмыстарының есебі тыңдалып, бөлім басшысының міндетін атқарушы Ербол Назаров баяндама жасады. Жалпы Ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты мекемелер саны 44 құраса, оның ішінде аудандық мәдениет үйі, жастар ресурстық орталығы, аудандық тілдерді оқыту және дамыту орталығы, ауылдық мәдениет үйілерінің саны – 5, ауылдық клубтар – 10, кітапханалар – 24 және саябақтар саны екіні құрайды.

Ономастика саласы бойынша аудан аумағындағы 12 ауылдық округ болса, 83 елді мекеніндегі көшелердің саны – 530ды құрайды. Бүгінгі таңға облыстық ономастика комиссиясына Келес ауданынан 2 елді мекен, 4 мектептің атауы өзгертілді. Сонымен қатар 1 мектеп, 1 мәдениет үйі және 16 көшенің атауын өзгерту бойынша облыстық ономастика комиссиясына құжаттар ұсынылды.

Ауданда қазіргі таңда «Келес келбеті» қоғамдық саяси апталық газеті, «Сәт» телеарнасы тұрақты жұмыс атқаруда. Ауыл және ауылдық округтердегі көрнекті ақпараттық құралдарды қалыпқа келтіру және жаңарту жөнінде әкімдерге тапсырмалар беріліп, қазіргі ескі үлгідегі билбордтар жаңартылуда. Бөлімнің мәдениет саласы бойынша да атқарып жатқан жұмыстары тындырымды. Ауданда 16 мәдениет ошағының ғимараты жоқ ауылдық округтерге мәдениет және кітапхана құрылысы үшін 5 ЖСҚ дайындалып құжаттарды салалық басқармаларға қаржы қарастыруға тапсырылған. Олар: Ошақты, Жүзімдік, Ұшқын, Біртілек, Алпамыс батыр ауылдық округтерінен мәдениет үйі мен кітапхана құрылысы.

Қазіргі таңда Келес ауданында жалпы халық саны – 142 078 болса, оның ішінде 14-29 жас аралығындағы жастар саны – 35240 құрайды. Бұл аудан халқының 28%-ын құрап отыр. Оның ішінде: ер бала – 17806, қыз бала – 17434. Келес ауданы бойынша білім бөліміне қарасты 48 жалпы орта мектеп, 5 негізгі орта мектеп, 1 гимназия мектеп, 9 бастауыш мектеп бар. Мектептерде білім алып жатқан 14-17 жас аралығындағы жастар саны-17332. Шет елдерде оқитын студент жастар саны - 10, әскери борышын өтеп жүрген жастар саны – 287 құрайды. Мемлекеттік жастар саясатын жергілікті жерлерде жүзеге асыру, аудан жастарының қоғамдағы белсенділігін арттыру бағытында 2019 жылдың 8 айында «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен 638 түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілді.

«AQ-QARA-KZ» - ақпарат»

Read 594 times