Өмірлік тағылымды тәрбиесі мол кездесуде “Пушкин” жалпы орта мектебінің ұжымы Елбасы еңбектері мен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті жайлы әлем жазушылары мен ғұламаларының жазған жазбалары жайындағы кітаптар көрмесі ұйымдастырылды. Еркін форматта өткен кездесуде аудан жастары Елбасы сыныптасы Рауза Мәтеқызына өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойысып, Н.Ә.Назарбаевтың балалық шағынан естеліктер айтып беруіне қолқа салды. “Нұрсұлтан бала күнінен өте талапшыл, ізденімпаз, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары болатын. Қандай да бір істі бастаса, соңына жетпейінше тыным таппайтын. Достыққа берік, адал бола білген Сұлтан күні бүгінге дейін сыныптастарынан қол үзген емес. Қауырт тірлік, мемлекеттік мәселелерді шеше жүріп арасында уақыт тауып біздің де басымызды қосып тұрады. Бізбен кездескен сәттерінде Республикадағы ең жоғары лауазым иесі ретінде емес, сол біз білген, бізбен қатар өскен Сұлтан ретінде әңгімелеседі” - деді Рауза Төлемісова. Жиын барысында “Nur Otan” партиясы Мақтаарал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Досым Асабаев пен аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ басшысы Сүндет Қахраманұлы атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырып, алдағы жоспарларымен таныстырды. Шараны ұйымдастырушылар келелі кездесуге уақыт бөліп келген Елбасы сыныптасына алғыстарын айтып, ыстық ықыластарын білдірді.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.