Понедельник, 11 Ноябрь 2019 16:41

Түркістан облысы: Төлеби ауданында қазақ гобелен өнерінің негізін қалаушыға ескерткіш-бюст қойылды

Төлеби ауданы Аққұм ауылдық округінде орналасқан, белгілі суретші, қазақ ұлттық гобеленінің негізін қалаушыҚұрасбек Тыныбековтің аты берілген жалпы орта мектепте суретшінің ескерткіш-бюсті орнатылды. 

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев талантты қылқалам шеберін өзінің мазмұнды шығармашыл өмірін ұлттық өнерге қызмет етуге және оны дамытуға арнап, жас ұрпаққа мәңгілік өнеге болардай тың дүниелер қалдырып кеткенін айтып жеткізді.

Құрасбек Тыныбеков сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Ленгір ауданы, Амангелді атындағы ұжымшарда дүниеге келген. 1971 жылы Украинаның Львов қаласындағы мемлекеттік сән және қолөнер институтын бітіріп келген соң «Казгипроместпром» институтында, «Түскиіз» фабрикасында бас суретші болып істей жүріп, Алматы көркемсурет училищесінде педагогтық қызметпен де айналысқан. Қазақстан суретшілер одағы жанындағы қолданбалы өнер секциясы төрағасының орынбасары болып біраз жыл жемісті қызмет атқарған. Небәрі 33 жыл өмір сүрсе де, шығармашылық жұмысымен қатар өз елінің дамуы үшін қоғамдық өмірге де белсенді атсалысқан. Сәндік өнер саласында да көп еңбек сіңіріп, еңбектері үшін бірнеше мәрте жоғары марапаттарға ие болды.

Оңтүстіктің ғана емес, күллі қазақ елінің мақтанышына айналды. Оның гобелен жанрында ойлап тапқан жаңа техникасын әлемнің көптеген елдерінде шеберлер өз шығармашылықтарында қолданады.

1991 жылдан бері Төлеби ауданы Аққұм елді мекеніндегі Қызыл әскер мектебі Құрасбек Тыныбековтің атымен аталып келеді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 697 times