Пятница, 15 Ноябрь 2019 10:37

Түркістандағы Үкаша ата кесенесінде музей ашылды

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің құрамына діни-рухани ескерткіш ретінде тізімге алынған Үкаша ата кесенесінде «Үкаша ата тарихы» музейі ашылды. 

Тарихи құндылықтар мен шежірелер сыр шерткен музейдің лентасын «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков, Түркістан қаласының  Құрметті азаматы Толқын Құдайбергенұлы, Түркістан қаласы Ақсақалдар алқасының мүшесі  Бектас Шіркбаев қиды.

«Тұңғыш Президентіміз — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Музей экспонаттары дәуірлердің қандай да бір кезеңіндегі әртүрлі шаруашылық салаларының даму үдерісін көрсетеді»деп атап өткендей, Үкаша ата музейі де елімізде ислам дінінің таралу кезеңін көрсетеді.

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің алға қойған мақсатының бірі Үкаша ата кесенесінде музей ашып, төл жәдігерлер мен тарихын тереңінен насихаттау болатын»,— деді қорық-музейдің орынбасары Мұрат Тастанбеков.

Музейге құран кітаптар мен Үкаша атаға қатысты аңыз-әңгімелер және суреттер, Үкаша атаның шежірелері,  VІІ-ІХ ғасырларға тән құмыралар, VІІ-ХІІІ ғасырларға тән диірмен,  XIX-XX ғасырларға жататын мыс құмғандар және тағы да басқа жәдігерлер, Үкаша ата кесенесін қалпына келтіріп, айналасын абаттандырған алғашқы шырақшы Кәміл қары мен оның жәрдемшісі Атажанның  суреттері, өлкенің тарихынан сыр шертетін археологиялық жәдігерлер мен музей жанашырларының сыйға тартқан көне әшекей бұйымдары, тарихи кітаптар  қойылған.

«Кәміл қары мен Атажан атамыз осы жерге түнеп, моланың үстіне асармен үлкен кесене тұрғызған. Осы жерге тал егіп, бұлақтың суымен айналаны көгертіпті. Ол 1947 жылдың басы болатын. Біз де көмек беріп, аталарымызға қолғабыс жасағанымыз есімде. Жәрдемге көп адамдар келді. Аттылы-жаяу адамдар қона жатып, көмектесіп, әрі зиярат жасайтын», — деді Кәміл қарының ұрпағы Толқын Құдайбергенұлы.

Үкаша сахаба өмір сүрген кезеңнен көрініс беретін құнды жәдігерлерді, Түркістан өңірінің тарихын және музей ісін кеңінен насихаттау мақсатында ашылған музейді шараға қатысушылардан бөлекАқтау, Алматы, Қостанай өңірінен келген зияратшылар да тамашалады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 552 times