Понедельник, 18 Ноябрь 2019 17:50

Түркістан шаһарында 3 жылдың ішінде 3,5 миллион түп тал көшеті егіледі

Түркістанды көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. Қала аумағына 3 жылда 3,5 миллион түп тал көшетін егу жоспарланған. Сондықтан көне шаһарда әр аптаның соңғы күндері жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылуда. Оған облыс әкімдік қызметкерлерінен бастап барлық мемлекеттік орган өкілдері қатысуда. 

Бастапқы жоспар бойынша биыл Түркістан қаласының аумағындағы 2300 гектар жерге 628 мың түп түрлі тал көшеттері егілуі керек. Ал келер жылы 2,4 мың гектар алқапқа 1 млн. түп көшет отырғызылуы тиіс. Ол жұмыс 2022 жылға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында «Жасыл аймақ» бағдарламасы бойынша жалпы 3,5 млн. дана жасыл желек отырғызылады.

«Қалаға су әкеліп жатырмыз. Өткенде Елбасының көмегімен бірнеше жобаларды көрдік. Шошқакөл өзенін, қаладағы басқа да каналдардың бәрін суға толтырсақ, климат өзгеретін болады» - дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев.

Түркістанға егіліп жатқан көшеттер көрші Қызылорда облысы мен Төлеби, Сарыағаш аудандарынан жеткізілуде. Осы қажеттілікті өтеу үшін қалаға жақын жерден арнайы тәлімбақ жасақталуда. Ендігі жерде жасыл белдеу аймағына отырғызылатын өскіндер сол жерде өсіріледі.

Бұл жөнінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды ретту басқармасының басшысы Қайрат Әбдуалиев: «Әр бөлікке бөлініп, техникалар әкелініп, материалдық базаны күшейту арқылы келешекте Түркістан облысының аумағындағы барлық көшеттердің базасы осы жер болады» - деді.

Қолда бар мәліметке сүйенсек, күні бүгінге дейін жасыл белдеу құрылатын 7700 гектар аумақтың 1428 гектарына 468 мың түп әртүрлі көшет отырғызылған. Бұл жұмыстар тоқтамайды. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат қорғауды реттеу басқармасы өзіне қарасты барлық құрылымдарды осы жұмысқа жұмылдырып отыр.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 571 times