Среда, 20 Ноябрь 2019 22:39

Түркістан облысы: Шардара ауданында облыстық ән байқауы өтті

Аудандық «Абай» мәдениет сарайында ауданның 55 жылдық мерей тойына арналған «Шырқалсын Шардараның әндері» атты облыстық ән байқауы өтті. Өнер байқауында негізінен Шардара туралы әндер мен әйгілі сазгер, «Қара бауыр қасқалдақ» әнімен әлемге танымал Лесбек Амановтың әндері орындалды. 

Салтанатты шараның ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев құттықтау сөз сөйлеп, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі. Шардараның аспанын әнімен тербеген белгілі сазгерлер мен жезтаңдай әншілердің өнеріне қазылар алқасы лайықты бағасын қойып отырды. Атап айтар болсақ, ҚР Мәдениет қайраткері Жалғас Кеңесов қазылар алқасына төрағалық жасаса, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының әдіскері Гүлнар Сәдуақасова, ҚР Мәдениет қайраткері, аудандық саз мектебінің директоры Әсия Жораева, продюсер-режиссер Мейіржан Әлиакбар, ақын, «Өскен өңір» газеті редакторының орынбасары Сәбит Лаханов, аудандық Мәдениет сарайының директоры Ағабек Дөңбаев сынды азаматтар әділқазылық етті.

Өнер сайысында тыңдарман жүрегіне жол тапқан шығармаларға тиісті орындар мен номинациялар берілді. Ордабасы ауданынан қатысқан Қуаныш Әбжалов, Келес ауданынан қатысқан Әлібек Сапарбаев және Түлкібас ауданынан қатысқан «Арша» тобы ІІІ орынды иеленсе, Шардара қаласынан қатысқан Абзал Құралбаев пен Бәйдібек ауданынан қатысқан «Қостұра» дуэті ІІ орынды, Отырар ауданынан қатысқан Руслан Ахынбеков І орынды иеленді. Ал, Шымкент қаласынан келіп қатысқан Ізбасар Кеңесовтің өнеріне бірауыздан бас жүлде берілді. Созақ ауданынан қатысқан Мұхтар Молдабековке Лесбек Аманов атындағы жүлде табыс етілді. Басқа да әншілер түрлі номинацияларға және арнайы жүлделерге ие болды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Read 748 times