Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз», - деп атап өткен болатын. Осы мақсатта Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының ұйымдастыруымен Елбасының «Болашаққа бағдар: «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Түркістан облысы бойынша «Түркістанның рухани керуені» атты кездесулер ұйымдастырылуда. Кездесудің мақсаты Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын, дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, діннің асыл құндылықтарын, ұлттық мәдени салт-дәстүрімізді дәріптеу болып табылады.
Бүгінгі кездесуге келген елімізге танымал тұлғалар алдымен Келес аудандық №1 Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде болып, жас спортшылармен кездесті. Кездесуде жас өрендермен сұхбат жүргізіп, өмірлік және спорттық мансаптағы жеңістерінің құпиясымен бөліскен Ақжүрек Таңатаров жас спортшылармен шеберлік сыныбын өткізді. Кездесудің келесі нүктесі аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Кездесуді Келес ауданы әкімінің орынбасары Алмас Сексенбаев ашып, жүргізіп отырды. Сонымен қатар Жетісай ауданының бас имамы Бекзат Сыздыков мырзамен қоса арнайы Келес жұртшылығымен кездесуге келген еркін күрестен Қазақстанның 4 дүркін чемпионы Ақжүрек Таңатаров пен елімізге танымал эстрада жұлдызы Саят Медеуовтер өздерінің тәрбиелік мәні бар, ұғымды сөздерімен көпшілікке мотивация берер баяндамалар жасап, қалың жұрттың көңілін көтерді. Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары келген қонақтарға кәде сый ретінде Келес ауданының тарихынан сыр шертер «Келесім – Атамекенім» атты кітабын сыйлады.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.