«Баталы ел арымас, батасыз құл жарымас». Дуалы ауыз қарттардың дүбірлі додасы үш кезең бойынша өрбіді. "Сәлем - сөздің анасы" деп аталатын алғашқы кезеңде қариялар өздерін таныстырды. Одан соң өз қолдарынан жасалған салт-дәстүрімізді айшықтайтын ат әбзелдері мен көнеден қалған құнды дүниелерін көрермен назарына ұсынды. «Ата көрген оқжонар, ана көрген тон пішер» деген ұғыммен қолөнер бұйымдарының жасалу тәсілдерін сөз етті. Соңғы сайыс "Білгенге маржан" деп аталып, туған тарихы мен ел шаңырағын жырға қосып, дүние есігін жаңа ашқан жас сәбилерді өлеңге арқау етті. Байқауға зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер қатысты. Игі істердің басы-қасында жүріп, көрегендігі мен даналығын жастарға үлгі еткен аталарды қолдап, оқушылар да арнайы тамашалауға келді. Тартысты додада парасат-пайымымен, дуалы батасымен қалалық "Қазақ тілі" қоғамдық қорының төрағасы Мұсахан Дүйсекейұлы жүзден жүйрік шықты. Тағы төрт қария алғыс хат пен бағалы сыйлықтарға ие болды.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.