Понедельник, 25 Июнь 2018 07:22

Шымкентте Кавказ биінің кеші өтті

Шымкент қаласында алғаш рет орыс драма театрының сахнасында «Кавказ аңғары» студиясының ұйымдастыруымен Кавказ биінің кеші өтті. Бір жарым сағатқа созылған концерт жиналғандардың көңілінен шықты. Ал көрермендердің шапалағы би студиясы оқушыларының текке тер төкпегенін дәлелдей түсті.

Кавказ халықтары арасындағы ең танымал билердің бірі – Лезгинка екені айтпаса да белгілі. Бұл ежелгі Кавказ биі орындаушының батылдығы мен рухына ерекше танытады. Лезгинка - өте өткір және анық қимылдарды қамтитын әдемі би. Ол тәкаппар, мейірімді, еркіндік сүйгіш және батыл рухты халықтың жан дүниесін көрсетіп тұратын би өрнегі.

Ежелгі уақытта таулы өңірдің бұл биіндегі қимылдар жүгіру және атпен жүру үшін қажетті бұлшықетті шынықтырып, жауынгерлерді шайқасқа дайындау үшін пайдаланылса керек. Бимен шұғылдану «Кавказ аңғары» би студиясы студенттеріне мойынның, қолдың, аяқтың бұлшық еттерін нығайтуға, өзі-өзіне деген сенімділікті дамытуға көмектеседі. Қазір мұнда әртүрлі жастағы 45 адам бимен машықтанады екен.

«Кавказ аңғары» би студиясы өткен жылдың қаңтар айында құрылдған. Би студиясының жетекшісін Махмуд Бадировты көпшілік «Жетінші континент» ұжымының солисті ретінде біледі. Ол көптен бері Шымкент қаласының тұрғындарына өз аймағының  хореографиялық саналуандығын көрсетуді армандап келіпті.

Лезгинканың бар сұлулығын жас бишілер халық арасында бүркіт пен аққу биі аталатын жұптасып билеу түрі арқылы көрсетті. Мұнда қыздар кішігірім қадамдармен керемет түрде қозғалады, ал жас жігіттер батыл қозғалыстармен, жоғарыға секірулермен және батыл қимылдарымен ерекшеленеді. Концертке келген жұртшылық «Кавказ аңғарына» қиялмен саяхат жасағандай болдық дейді. Келесі жылы ұжым мүшелері концертті бұдан да қызықты және әртүрлі етіп өткізуге уәде берді.

«AQ-QARA.KZ  - ақпарат»

 

Read 1591 times