Сарапшылар Қ.Тоқаевқа «еуропалық деңгейден де жоғары саясаткер» деген баға берді

Шымкент, AQ-QARA.KZ. «2011 -2013 жылдар аралығында БҰҰ-да жауапты қызметтерде болған Қ.Тоқаев көптеген шешімдерге ықпал етіп, маңызды халықаралық шаралардың өтуіне мұрындық болды» деп жазады «zakon.kz»

Шардара ауданы агроөнеркәсіп кешенін дамыту мен кәсіпкерлікті қолдау бойынша көш бастап тұр

Кез келген ауданның айнасы – бюджеті екенін ескерсек,  халықтың әл-ауқатының артуы – бірінші кезекте аудан бюджетімен тікелей байланысты екені белгілі. 2017 жылы Шардара ауданында бюджетке 2 миллиард 301 миллион теңге түскен болса, 2018 жылы 3 миллиард 823,1 миллион теңге түсіп, 2017 жылмен салыстырғанда 166,1 пайызға артығымен орындалған. Бұл дегеніңіз қазынаға 1 миллиард 521,9 миллион теңге артығымен түсіп отыр деген сөз.

Түркістан облысы әкімдігінің ресми интернет-ресурсындағы мәліметтердің жаңармай тұрғанына кінәлі кім?

«Қазақстан Республикасының Әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының тоғызыншы бабына сәйкес, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беріп, ал облыс орталығын Түркістан қаласына көшіріп, өңірді Түркістан облысы деп атау туралы Жарлыққа қол қойғанына да 9 ай толғалы жатыр. 9 айдың ішінде Түркістан облысының өмірінде бірқатар оң өзгерістерге талпыныс жасалып, киелі шаһарды түлету үшін талай-талай тірліктердің іргетасы қалануда. Тіпті 9 айдың ішінде өңірге екі әкім тағайындалып үлгерді. Бірақ өзгермеген бір нәрсе бар. Ол – Түркістан облысы әкімдігінің ресми интернет-ресурсы! 

Бақтияр МАМАЕВ, Сайрам ауданының әкімі: «Біздің аудан ет өндіру мен мал шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан көш бастап тұр»

«Қазығұртты басқарған 9 аудан әкімімен жұмыс істесіппін»

 

– Бақтияр Сапарәліұлы, сансыз баптар мекені – Сайрамға әкім болып тағайындалғаныңызға тура 1,5 жыл болыпты. Бұған дейінгі еңбек жолыңызға үңілсек, 1993 жылдан бастап кешеге дейін Қазығұрт ауданында қызмет атқарыпсыз. Қызылқия ауылдық кеңесінің хатшысынан Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасарына дейін өскеніңізді білеміз. Ал енді осы жиырма жылдан астам уақыт қызмет еткен ауданыңыздан басқа ауданға қызмет ауыстыру, Сайрам секілді халқы тығыз, санұлтты  ауданға әкім болу туралы ұсынысты қалай қабыл алдыңыз? Қазығұртқа деген қимастық болды ма?

– Қарап отырсам, Қазығұрт ауданында 25 жылға жуық қызмет етіппін. Еңбек жолымды 1993 жылы 10 мың халқы бар өзім туып-өскен Қызылқия ауылында атқару кеңесінің хатшысы болып бастағанмын. Ол қызметке кіріспес бұрын анам әйелім екеумізді мектепке жетектен алып барған. Екеуміз пединститут бітіріп келген кезіміз ғой. Мектеп директоры анама: «Әй, айналайын, екеуін бірдей жұмысқа ала алмаймын, келініңді алайын, балаң өзі жұмыс тауып алсын», – деді. «Мейлі» дедік. Содан, «Шымкентке келіп, коммерциямен айналысамын ба» деп ойлап жүргенмін. Сөйтіп жүргенде, бір күні «ауылдық кеңестік төрағасы шақырып жатыр» деген хабар естідім. «Ол неғып шақырып жатыр?» деп жанымыз қалмады. Сөйтсем, хатшысы: «Совхозға парторг болып бара жатыр едім, менің орныма хатшы болып істесін деп жатыр», – дейді. Хатшы дегеннің не жұмыс екенін білмеймін. Бірақ, жұмысқа кіріп, бастап кеттік. Шындығында, жұмыстың бәрі хатшылықтан басталады екен. Ауылдағы туылған баладан бастап, қайтыс болғанына дейінгі шаруасы, ЗАГС, мал-мүлкін тіркеу, сондай-сондай жұмыстардың  барлығының есеп-қисабын жүргізу – хатшының міндеті. Осылайша 3-4 жыл ауылдық атқару кеңесінде қызмет еттік.

Бірде облыс әкімдігінің аппарат басшысы мен Президент әкімшілігінен мемлекеттік инспектор келген болатын. Маған бірнеше сұрақ қойды. Кейін басшыларға «мына жігітті ауданға алмайсыздар ма» деп, ұсыныс жасапты. Сосын аудан әкімдігі бір емес, бірнеше мәрте қызметке шақырды. Шыны керек, алғашқысында әкем ауырып жатқан кез еді, ауданға барып-келуге қиналамын, өзім – үйдің үлкенімін, кішкентай екі інім, екі қарындасым бар. Бара алмадым. Келесі жылы тағы ұсыныс айтты. Тағы да бара алмадым. Үшінші мәрте шақырғанда ғана бардым. Әкем де сол жылы дүниеден өтті. Ол кезде Қазығұрт ауданының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев еді. «Сен кімсің, қайдансың?» деп сұраған жоқ. Жұмысқа қатысты он сұрақ қойды. Он сұрағына да жауап бердім. Осылайша 1996 жылы Қазығұрт ауданы әкімдігі жалпы бөлімінің бас маманы болып жұмысқа қабылдандым. Сол жерде жүгіріп жүріп 2-3 жыл жұмыс істедік. Республикадан, облыстан, ауданнан келетін хаттар бар. Соның бәріне жауап жазуың керек. Ол кезде компьютер деген жоқ, папкаларды қолтықтап алып ары-бері шапқылайтынбыз. Бас мамандықтан көтеріліп, 1 жылдай сол жалпы бөлімнің меңгерушісі болдым. Кейін төтенше жағдайлар бөлімінде, ұйымдастыру бөлімінде де басшылық қызмет атқардық. Сосын аудан әкімінің көмекшілігіне ауыстым.

Аудан әкімдері ауысып жатты. Не керек, Қазығұртты басқарған 9 аудан әкімімен жұмыс істесіппін. 2002 жылы сол кездегі аудан әкімі Әли Бектаевтың ұсынысымен Қызылқия ауылына әкім болып тағайындалып, ол жерде 5 жылдай қызмет еттім. Ол кезең ауыл әкімдері үшін ең қиын кезең болатын. Үйме-үй салықты, электр энергиясының да, газдың да ақшасын біз жинайтынбыз. Аудандағы суармалы жердің көлемі 10 мың гектар болса, соның 6 мыңы біздің ауылда орналасқан еді. Сол жерлерге инвестиция тартып, 20 млрд. теңгеге жуық ақша құйып, соя егілді. Айта берсем, атқарылған шаруалар көп. Сол жасаған еңбегіміздің арқасы да шығар, қайтадан ауданға қызметке шақырып, жарты жылдай «Қазығұртсу» мекемесінің директоры, Қазығұрт аудандық «Таза су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры, 2006 жылы Қазығұрт аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне басшы болдым. Сол қызметте 7 жыл отырыппын. Ол жерде әлеуметтік мәселелерге қанығып, үлкен тәжірибеден өттім десем де болады. Сол жылдары Қазығұрт ауданында жүз мың халық 460 мың гектар жерде орналасқан болатын. Әрбір елді мекенде әрбір үйге кіретін газ, су, жарықтың есебін жүз пайыз болмаса да, тоқсан пайызға жатқа біліп алдым десем өтірік емес. Кімнің үйінде қанша адам тұрады, не сұрайды, қай жерден газ, су, жарық өткеніне дейін 7 жылда әбден қанық болдық. Ауылдардың даму жоспарын жасаған кезде, шыны керек, осының бәрін жатқа біліп, еш қиындықсыз жасай беретінбіз. Әр жылғы ағымдағы, орта, күрделі жөндеу, құрылыс жұмыстарына қатысты құжаттардың барлығын мұрағаттап, ревизорлар келмесе, шақырып әкеліп тексертіп, түйіндеп, сейфке салып, құлыптап отыратынмын.

Осылай тынбай еңбек еттік. Сол еңбегімізді бағалаған болуы керек, Қазығұрт ауданың әкімі Тұманбек Әлиев бір күні мені шақырып алып, «Орынбасарым болуға қалай қарайсың?» деп сұрады. «Сенім білдірсеңіз, барамын» дедім. Сонымен, 2012 жылдың наурыз айынан бастап 5 жыл Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқардым. Ол жерде сол өзіме жақсы таныс тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, сәулет салаларына жауапты болдық. Бұған дейінгі 7 жылдық тәжірибем бар, бұл салалар бойынша жұмыс істеу маған аса қиындық туғызған жоқ. Аудан әкімнің орынбасары кезімде атқарған бір ғана жұмысымды айта кетейін. Бүгінгі таңда Қазығұрт ауданында 42 елді мекен бар болса, соның 10-ы кеңес заманында газдандырылған еді. Қалған 32 елді мекенді газдандыру жұмыстары мен әкімнің орынбасары болып ауысқан кезде басталды. 6 айдың ішінде ауыр-ауыр 4 қорап папкамызды арқалап Астанаға 5 рет барып, ашпаған есік, кірмеген кабинет қалдырмай, 4 млрд. теңгелік жобамызды әйтеуір бюджетке кіргіздік. Қазір сол 32 елді мекенге газ шетінен беріліп жатыр.

– Киелі өңірді бес саусақтай білетініңіз аңғарылып тұр. Қазығұрт ауданына әкім болатындай-ақ азамат екенсіз...

– Сөзіңіздің шындығы бар. Мақтанғаным емес, ауданды басқарған Тұманбек Әлиев «Елді мекендерге газды осы жігіт алып келді» деп айтып отырушы еді. Осылай қызмет етіп жүріп, 2012 жылдан бастап аудан әкімдігінің резервіне тұрдым. Әртүрлі қызметтерге баратыным айтылып жүрді. Не керек, Жансейіт Түймебаев облысқа әкім болып келген кезде резервтегілерді көріп отырып, менің жеке өмірбаянымды алып, «Мынау жігіт кім, қазір қайда, аудан әкімі бола алады ма?» деп бірнеше мәрте сұраған көрінеді. Маған осы сауал айтылғаннан кейін, «Иә, істей аламын» дедім. Содан соң сатылап өсу, меритократия қағидасы негізінде Сайрам ауданының әкімі қызметіне ұсынылдым. Барлық сұрақтарға жауап бердім. Облыс әкімі қабылдайтын болды. Облыс әкімінің кабинетіне бірінші мәрте кіруім. Жансейіт Қансейітұлы: «Сен мені танисың ба» деді. «Сыртыңыздан танимын, бірақ жеке танымаймын», – дедім. «Мен де сені танымаймын. Мына «жеке делоңды» қарадым. Бірнеше адамнан сұрап, «әкімдік қызметті атқара алады» деген соң жіберіп жатырмын», – деді. «Сеніміңізді ақтауға бар күшімді саламын. Жұмыстан қорықпаймын, істеймін», – дедім. Осылайша өміріміздің жаңа парағы ашылды.     

– Әдетте, қай ауданның тұрғындары болса да аудан әкімі ауысқан соң жаңадан келген әкім тірлікті неден бастар екен, қай мәселеге ерекше назар аударар екен деп өзара әңгіме қылатыны бар. Сайрам ауданының тізгінін қолыңызға алған кезде мұндағы халықтың да көкейінде сондай сұрақ болған шығар. Әкім болып тағайындалғаннан кейін алғашқы жұмысты неден бастадыңыз? Қандай мәселеге ерекше ден қойып келесіз?

– Сайрам ауданына келіп, қызмет орныма орналасқаннан соң ертеңіне аппараттағы қызметкерлермен танысып болып, кесте түзіп, аудандағы барлық елді мекендерді аралауға шықтым. 2 айға жуық уақытта түгел аралап болдық. Бір-екі елді мекенге барамын дегенде «атпен бармасаңыз, жете алмайсыз» деп күлгендер де болды. «Керек болса, атпен де барамын» деп, бүкіл орынбасарларымды, ауыл әкімдерін ертіп, ол ауылдарға да барып қайттым. Ондағы мақсат – халықты көру, халықпен кездескен соң міндетті түрде мәселелер айтылады. Соның күрделі-күрделі дегендерін көзіммен көріп қайту болатын. Алайда, ұсақ-түйек демей, басқа демей барлық мәселелерді қағазға жаздыртып алдым. Көптеген мәселелер жиналды. Аралап болғаннан кейін ұйымдастыру бөлімінің қызметкерлерін шақырып, «мына мәселені бөлек қой, бақылауға ал, ол – ауыл әкімдері шешетін мәселе» дедім. Басқа тоқсаннан аса мәселе аудан, облыс деңгейінде шешілетін болды.

Мен әкім болып келген кездегі ең үлкен проблема – сібір жарасының ошағы болды. Халықтың қорқынышын, уайымын түсінуге болады. Осы жерде, яғни, кабинетімде түнгі 12-ге дейін қалып, құжаттармен жұмыс істеген күндерім болды. Көмек сұрап бармаған жер, баспаған тау қалмады. Облыстық төтенше жағдайлар департаментіне, облыс әкімінің орынбасарларына түгел кіріп шықтым. «Мына мәселе бойынша төтенше жағдай жарияласақ, ақша бөлінеді, мұны шешпесек, ертең премьер-министрге жетіп, айқай болады» деймін ғой. Сөйтсем, «жоқ айналайын, өзің шеш» дейді. Сосын облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлына кірдім. Ол кісі «Мәселе ушығып кетпей тұрғанда, тезірек шешіңдер. Заңдылық жағын қарап, жұмыс істеңдер» деді. Ауданға келген соң, заңдылықтарын сақтай отырып төтенше жағдай жарияладық. Осындай күрделі проблема туындаған кезде аудан әкімінің төтенше жағдай жариялауға құқы бар. Сол құқымызды пайдаланайық дедік. Осының арқасында сібір жарасының ошағын жою жұмыстарына деп 100 млн. теңге қаражат бөлінді. Ол қаражат түсісімен 3 айдың ішінде дамбалар салынып, судың арнасы ауыстырылып, бетондау секілді сібір жарасының ошағын жоюға арналған жұмыстар аяқталды. Дегенмен, 1 ай у-шу болды. Бүкіл газет, телеарна журналистері біздің ауданда жүрді. «Осы үшін қызметтен кетсем кетейін, бірақ осылай еткеннен басқа жолы жоқ» дедім. Ең соңында бұл мәселе толық шешімін тапты.

Тағы бір үлкен мәселе – Манкенттің үстімен ағып жатқан канал мың үйге қауіп төндіріп тұр еді. «Бұл жерде не істейміз?» деген сауал туды. Ауданда да, облыста да «төтенше жағдай жариялау кере»к дегенді үйреніп алыпты (күліп. ред). «Бұларыңыз не? Мен жарияламаймын» дедім. Ол үшін бүкіл «этаптардан» өтуің керек. Сөйтіп, оны өзіміздің ауданның есебінен, тағы бір сондай каналдың мәселесін облыстық бюджеттің есебінен шештік. Онан соң, үш ауысымды, апатты 3 мектептің жобалық-сметалық құжатын жасап, өткіздік.

Жоғарыда Сайрам ауданына әкім болып келген соң екі айдай мерзімде аудандағы бүкіл елді мекендерді аралап, сол жерлерде айтылған, өз көзіммен көрген барлық мәселелерді қағазға түсіртіп алдым деп едім ғой? Мақтанғаным емес, сол мәселелердің 99 пайызы бүгінде шешімін тапты. Ел болған соң проблемалардың, мәселелердің шықпай тұрмайтыны айтпаса да түсінікті. Яғни, бұл дегеніңіз – алдымызда жаңа міндеттер, көптеген жұмыстар тұр деген сөз. Ел үшін атқарылар жұмыстар ары қарай да өз жалғасын таба бермек.  

 

«Сайрам ауданы – ет өндіру бойынша облыста бірінші орында»

 

– Сайрам ауданы Түркістан облысындағы экономикалық әлеуеті зор санаулы аудандардың бірі ретінде белгілі. Мұнда көптеген кәсіпорындар, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері шоғырланған. Ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығының ерекше дамығандығы облыс түгілі бүкіл республикаға белгілі. Десек те, мұнымен тоқтап қалуға әсте болмайды. Сұрайын дегеніміз, Сайрам ауданы өзінің әлеуметтік-экономикалық потенциалын тиімді пайдаланып отыр ма?   

– Сұрағыңыз өте орынды. Осы сұраққа байланысты ауданның әлеуметтік-экономикалық потенциалына серпін беріп отырған негізгі үш салаға тоқталғым келіп отыр. Біріншісі – өнеркәсіп. Бұл сала – аудан экономикасына серпін беретін негізгі салалардың бірі. 2018 жылы өнеркәсіп саласында 40 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Құдайға шүкір дейік, өнеркәсіп өндірісі бойынша  ауданымыздың үлесі облыс көлемінде 8,8% құрап, 2-орынға тұрақтадық. Ал, негізгі сала – өңдеу өнеркәсібінде өткен жылы құны 1,3 млрд. теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске қосылып, 191 жұмыс орны ашылған.

– Олар қандай жобалар?

– Біріншісі – «Gas StandartSystem» ЖШС – сұйық газ сақтайтын кешен құрылысы. Жоба 2018 жылдың 4 шілдесінде облыс әкімінің қатысуымен іске қосылған. Жобаның құны – 1,0 млрд. теңге, ашылған жұмыс орны – 30 адам.

Екіншісі – «Южанка-5» ЖШС – «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін цех құрылысы». Шығаратын өнімі – көкөніс консервілері. Жоба 2018 жылдың қыркүйек айында іске қосылған, құны – 100,0 млн. теңге, ашылған жұмыс орны – 25 адам.

Үшіншісі – «Даут» ЖШС – «Сүт өнімдерін өңдейтін цех құрылысы». Шығаратын өнімі: қаймақ, сүзбе, айран. Жоба 2018 жылдың қыркүйек айында іске қосылған, құны – 30,0 млн. теңге, ашылған жұмыс орны – 6 адам.

Төртіншісі – «АХБК» ЖШС – «Тігін фабрикасы». Шығаратын өнімі: өндіріс жұмысшыларына арналған арнайы формалар, әскери киімдер, төсек-орын жабдықтары. Жоба 2018 жылдың қазан  айында іске қосылған. Жобаның құны – 172,0 млн. теңге, ашылған жұмыс орны – 100 адам.

Бесіншісі – «Артезия» ЖШС – «Сусындарға арналған пластикалық ыдыстар шығаратын цех». Жобаның құны – 30,0 млн. теңге, ашылған жұмыс орны – 30 адам.  

Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы шеңберінде  «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына» жалпы құны  7,8 млрд. теңгелік 13  жоба еніп, 2013-2018 жылдар аралығында  9 жобасы іске қосылып, 4,9 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп,  417 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 2018 жылдың  желтоқсан айында бағдарлама аясында «Бірлік-4» ЖШС-нің  «Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін (көкөніс консервілеу) цех» іске қосылып, 20 жұмыс орны ашылды. Жобаның құны – 200 млн. теңге.

Өздеріңізге белгілі, Сайрам ауданы экономикасына мол серпін беріп отырған сала ол – ауыл шаруашылығы. Бұл салада 2018 жылы 63,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 9,3 пайызды құрады (2017 жылы – 58,1 млрд. теңге), облыстағы үлесіміз 11,7% құрап, облыс көлемінде 1-орында. Бұл салаға былтыр 4,3 млрд. теңге  инвестиция  тартылған. Былтыр 52 288 гектар егістік жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп  (2017 жылы – 47300 гектар), 34 200 тонна бидай, 8 056 тонна майлы дақылдар, 123 946  тонна көкөніс, 60 200 тонна картоп, 18 100 тонна жеміс-жидек, 13 680 тонна жүзім жиналды. Жалпы, 477 200 тонна сояулы мал азықтық дақылдары дайындалып, жоспар 100% орындалды.

Сондай-ақ, 2018 жылы 5,2 гектар жерге жылыжайлар салынып, нәтижесінде жұмыс істеп тұрған жылыжайлар көлемі 31,4 гектарды құрап, саны 105  бірлікке  жеткен.  Жылыжайлардан 2,0 мың тонна көкөніс өнімдері жиналған. Былтыр 152,5 гектар жерге тамшылатып суғару әдісі ендіріліп, жылдық жоспар 101,7%-ға орындалды. Аудан бойынша тамшылатып суғару әдісі ендірілген жалпы жер көлемі 608 гектарғажетіп отыр. Нәтижесінде, өсімдік шаруашылығында 23,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.

Мал шаруашылығын дамыту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. Жалпы, ауданда 102 бірлік 10-15 бастық шағын мал бордақылау алаңдары, 42 жанұялық сүт ауласы ашылған. Жалпы, 989 мал бордақылау алаңында бір мезетте 34-35 мың бас мал бордақылануда. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 124 бас ірі қара мал, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 230 бас ұсақ мал сатып алынса, «Құлан» бағдарламасы арқылы 42 бас жылқы алынып, жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізілді. 2018 жылы 31,5 мың тонна ет, 119,5 мың тонна сүт, 16 млн. дана жұмыртқа өндірілген, 2017 жылмен салыстырғанда өсім бар. 2018 жылға 348 тонна мал және қой етін экспорттау жоспарланса,  1263,6 тонна ет экспортқа шығарылған. Нәтижесінде, мал шаруашылығында 39,9 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2017 жылмен салыстырғанда 8,8% артқан.

Егіс даласында еңбек етіп жатқан агроқұрылымдарды қолдау мақсатында 1437,4 млн. теңгеге ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне субсидиялар берілген. 2018 жылы өткен облыстық «Агрофест-2018»  мерекелік  іс-шарасында жыл қортындысымен Сайрам ауданы ет өндіру бойынша I орын, мал шаруашылығы өнімдерін экспорттаудан I орын және агроөнеркәсіп кешенінің даму бағдарламасы көрсеткіштерін орындаудан III орынды иеленді. Жеке номинациялар бойынша «Нұр Көл» ЖШС астық өндіруден және «МанкентАгро» АШӨК көкөніс өндіруден облыс бойынша үздік атанғанын айта кетейін.

Сайрам ауданында шағын кәсіпкерлік саласы да дамып келеді. Аудан халқының  12,3 пайызы, яғни 25 мың адам осы салада жұмыс атқаруда. Белсенді кәсіпкерлік субъектілердің саны 14989  бірлікке жетіп, 9,4%-ға өскен. Нәтижесінде, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері былтыр 109,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріп, өсім 3,5% жеткен, төленген салық төлемдері 3,2 млрд. теңгені құрап отыр.

– Экономика тақырыбын қозғаған соң инвестиция туралы мәліметіңізбен бөліссеңіз. Сіз әкім болып келгелі Сайрам ауданына сырттан тартылған инвестиция көлемі қанша? Ішкі инвестицияның жағдайы қалай?

– Ауданға 2018 жылы 20,5 млрд. теңге инвестиция тартылған. Тартылған инвестицияның 47,8%-ы – мемлекеттік қаражат, облыс көлемінде ауданымыздың үлесі 7,1% немесе 6-орында. Сонымен қатар, былтыр 444,3 млн. теңгеге сыртқы инвестиция тартылып, 2017 жылмен салыстырғанда 21,8 % артқан (2017 жылы – 364,6 млн. теңге сыртқы инвестиция тартылған).

Жалпы, Сайрам ауданы бойынша мемлекет тарапынан 2018 жыл көлемінде 25315 тұлғаларға 10 695,6 млн. теңгеге қаржылай қолдаулар көрсетілді. Оның 8348,8 млн. теңгесі – қайтарымды несиелер, 2 346,8 млн. теңгесі әлеуметтік көмек және субсидия түрінде берілген.

– Дотацияға тәуелділік неше пайызды құрайды?

– Ауданның 2018 жылғы бюджетінің көлемі 29,5 млрд. теңге болса, оның ішінде  трансферттер үлесі  88,7%-ды, өзіндік кірістер үлесі  11,3 %-ды құраған болатын.  Ал,  2019 жылға арналған аудан бюджетінің көлемі 32,4 млрд. теңгені құраса, оның ішінде трансферттер көлемі 28,9 млрд. теңге, ауданның өзіндік кірісі – 3,4 млрд. теңге. Яғни, трансферттер көлемі былтырмен салыстырғанда 2,7 млрд. теңгеге көбейіп,  үлесі  89,4 %-ды құрады. Трансферттердің  артуы есебінен  өзіндік кірістер үлесі  2018 жылы 11,3 % болса,  2019 жылы 10,6 %-ды құрады. 2018 жылы жоғары бюджеттен берілетін трансферттер есебінен 1 ғана мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылса, 2019 жылы трансферттер есебінен  8 мектеп құрылысы жүргізілуде.

– Аудан тізгінін қолға алғалы аудан бюджетін қаншалықты арттыра алдыңыз?

– Ауданның даму қарқыны бірінші кезекте мемлекеттік бюджетке тікелей байланысты екені білесіздер. Бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайту мақсатында «Жергілікті бюджет түсімдерін ұлғайту және қосымша кіріс көздерін анықтау туралы» аудандық іс-шара жоспары бекітілген. Осы іс-шараларды атқару нәтижесінде 2018 жылы аудан бюджетінің өзіндік кірісінің жоспары 3081,9 млн. теңге болса,  нақты 3 324,3 млн. теңгеге орындалып, кірістер жоспары 100,8 %-ға, яғни 242,4 млн. теңгеге артығымен орындалды. Ал, 2019 жылға өзіндік кірістер жоспары 3435,7 млн. теңгеге жоспарланып, 2018 жылғы жоспармен салыстырғанда 353,8 млн. теңгеге артығымен жоспарланып отыр.

Жалпы, қосымша кіріс көздерін анықтау мақсатында аудан аумағынан тыс жерде тіркеліп, бірақ аудан аумағында жұмыс атқарып жатқан компаниялардың ауданға тіркелуін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңға «Optima Logistic», «NTR», «Olimp Center» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «Оңтүстік жолдары» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны ауданға тіркеліп, салықтарын төлеуде.

– «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» ауданда жүзеге асуы қай деңгейде? Оның аясында қандай нақты әрекет бар? Жұмыссыздық деңгейі қалай?

– Аудан халқының 39,7%-ы, яғни 81,3 мың адам экономикалық тұрғыдан белсендi, оның 77,1 мың адамы жұмыспен қамтылған. Жұмыссыздар саны 4242 адамды құрап, жұмыссыздық деңгейi – 5,2 пайыз. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды үйлестіру және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы» аясында 2018  жылы  5791 адам жұмыспен қамтылды. Бағдарламаның І-ші бағыты еңбек нарығындағы сұранысқа ие біліктіліктер мен дағдылар бойынша 340 адам 10 мамандық бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтылып, кәсіптік мамандық алған 320 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

Бағдарламаның ІІ-ші бағытында «Бастау-бизнес» жобасы бойынша 156 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 167 адам шағын несие алды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асырған 11 кәсіпкерге 2,4 млн. теңге  гранттар берілді.

Бағдарламаның ІІІ-ші бағыты аясында 3751адам тұрақты және уақытша жұмыстармен қамтылды.  «Жастар практикасына» – 461 азамат,  293 адам – әлеуметтік жұмыс орындарына, 385 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға жолданды,  мүмкіндігі шектеулі 168 адам тұрақты және уақытша жұмыспен қамтылды.

 

«2021 жылға дейін Сайрам ауданының елді мекендерін 100 % табиғи газға қосу жоспарланған»

 

– Бір есебіңізде Сайрам ауданында табиғи газға қосылған елді мекендердің саны 45 пайыздай екенін, 3 жылдың ішінде 23 ауыл табиғи отынға қол жеткізеді деп айтып қалып едіңіз. Сол айтқандарыңыз қаншалықты жүзеге асып жатыр? Сайрам ауданы «көгілдір отынға»100 пайыз қашан қосылады?

– Ауданда 42 елді мекеннің 19-ы немесе 45,2% табиғи газға қосылған. Даму концепциясына сәйкес, 2018-2021 жылдар аралығында 23 елді мекен тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз етіп, 100%-ға жеткізу жоспарланған. Осы бағытта бірқатар жұмыстар атқарылды, оның ішінде: 2018 жылы облыстық бюджеттен 2,1 млрд. теңгеге 12 елді мекенге (Нұржанқорған, Қожақорған, Шіркін, Құрлық, Қасымбек датқа, Әсіларық, Ошақты, Қосбұлақ, Ханқорған, Жаңатұрмыс, Оразалиев, Теспе) газ құбырының құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 11 елді мекеннің  құрылыс жұмыстары жыл соңында пайдалануға тапсырылды. 13,7 млн. теңгеге 10 елді мекенді газдандыру құрылысының жобалық құжаттары  дайындалды.

– Облыс әкімінің бастамасымен іске аса бастаған «Шатқал» бағдарламасындағы ауданның үлесі қандай?

– Сайрам ауданы аумағын абаттандыру мақсатында көпшілік демалатын саябақтар, шатқал мен өзен бойларын көгалдандыру  жұмыстарын атқару үшін,  зерделеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі таңда аудан аумағындағы Қарасу ауылдық округі, Ақбай ауылында «Көпшілік демалатын саябақ», Қайнарбұлақ ауыл округі, Қасымбек датқа ауылында «Шатқал», Көлкент ауылы және Ақсу ауылы аумағынан өтетін «Ақсу өзені бойында демалыс аймақтарының» құрылысын жүргізу үшін, эскиздер дайындалды. Оған қоса «Шатқал» бағдарламасы аясында Көлкент ауылдық округінде барлығы 10600 түп көшет қондырылды. Ағымдағы жылы Көлкент ауылы Ақсу өзенінің бойына «Ақсу» шатқалын құру жоспарланған болатын. Қазіргі таңда Ақсу өзенінің бойына 600 түп көшет қондырылды. «Ақсу» шатқалының жобалау-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталып, жеңімпаз мердігер мекеме тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сметалық құны – 19 537,3 мың теңге. Сонымен қатар, облыс әкімі Ж.Түймебаевтың 2017 жылғы 6 қарашадағы «Оңтүстік Қазақстан облысының елді мекендерін көгалдандырудың 2017-2021 жылдарға арналған «Шатқал» іс-шара жоспарын бекіту туралы» қаулысын орындау мақсатында, аудан тұрғындарының қатысуымен 2018 жылы жалпы саны 99695 түп көшет аудан аумағындағы арнайы бекітілген жер телімдеріне қондырылды. Жалпы, аталған бағдарлама бойынша жұмыстар биыл да өз жалғасын табатын болады.

– Білуімізше, қазір Сайрам ауданында 74 мектеп бар. Сондай-ақ, республикалық және облыстық бюджет есебінен 8 мектеп салуға ұсыныс жасалған екен. Осы ұсыныстар қолдау тапты ма? Сонымен бірге, ауданда мектеп тапшылығы бар ма? Апатты, үш ауысымды мектептердің бар-жоғы жайлы мәліметтеріңізбен бөліссеңіз.

– Білім саласы – қашанда басты назарда. Аталған салаға 2018 жылы барлығы 17,9 млрд. теңге жұмсалды. Оның ішінде аудандық бюджеттен 115,2 млн. теңгеге 2 мектепке (Махажанов атындағы орта мектеп, Бөкейхан атындағы орта мектеп) күрделі жөндеу жұмыстары, 5 мектепке 15,9 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, білім беру нысандарының құрылысына барлығы 766,0 млн. теңге қаралып, 7 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, Құтарыс ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің ғимаратын қайта құру құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылған, қалған 6 нысан 2019 жылға өтпелі. Аталған білім ошақтары ел игілігіне тапсырылатын болса, онда үш ауысымды, апатты мектептердің мәселесі толығымен шешілетін болады. Аудандық бюджеттен 18,9 млн. теңге білім беру нысандары құрылысының  ЖСҚ әзірлеуге жұмсалған.

– Жібек жолы ауылының тұрғындары мектептің күрделі жөндеу жұмыстары неліктен күзде басталғандығын түсінбей дал боп жүр еді. Мыңға жуық оқушы білім алатын Бөкейхан атындағы жалпы орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүруіне байланысты балалар қазан айының аяғынан бастап көрші 4 ауылға қатынап оқуға мәжбүр болды. Бұл мәселе шешімін тапқан болар? Күрделі жөндеуді неге күзде бастадыңыздар?

– Ә.Бөкейхан атындағы жалпы орта мектебінің ғимаратын күрделі жөндеуге аудандық бюджет есебінен 115 453 383 теңге қаражат бөлінген. Мемлекеттік сатып алу бойынша электронды конкурс өткізіліп, қорытынды хаттамасымен конкурсқа қатысқан өнім берушілердің келіспеушілігі салдарынан облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментіне шағым түсірілген. Осыған байланысты, конкурстың жеңімпазын анықтау біраз уақытқа созылды. Нәтижесінде, 2018 жылдың 23 қазанында «БеМир-Құрылыс» ЖШС-мен 69 440 000 теңгеге келісімшарт түзіліп, күрделі жөндеу жұмыстары 25 қазан күні басталған.

Күрделі жөндеу жұмыстары барысында мектепте білім алатын 920 оқушы жақын маңдағы ауылдардағы 4 мектепке тасымалданып оқытылған. Күрделі жөндеу жұмыстары 2018 жылдың 6 желтоқсанында толық аяқталып, қабылдап алынды. 

 

«Сайрам ауданында 111 діни бірлестік жұмыс істейді»

 

– 206 мың халқы бар Сайрам ауданында қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қандай шаралар атқарылып жатыр? Тұрғындардың жат ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін не істелуде?

– Жалпы, елдің жан-жақты дамуына сонда тұрып жатқан ұлттардың ауызбіршілігі, татулығы, бірлігі үлкен үлес қосады. Бүгінгі таңда Сайрам ауданында қоғамдық тұрақтылықты қамтамсыз ету бағытында 8 этномәдени орталық, 26 үкіметтік емес ұйым, 4 саяси партияның филиалдары, 111 діни бірлестік, аудан әкімі жанынан «Ырыс алды –  ынтымақ» қоғамдық форумы жұмыс істейді. Сонымен қатар, достық қарым-қатынасты, ұлтаралық татулықты нығайту мақсатында барлық ауыл округтерде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Қоғамдық келісім және Аналар кеңестері жұмыс істейді.

Тұрғындардың жат ағымдардың жетегінде кетпеуін, дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, діни экстремизм мен терроризмнің, кереғар діни ағымдар мен секталар іс-әрекетін алдын алу бойынша ақпараттық түсіндіру тобы құрылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Дәстүрлі дінді насихаттау, жат ағымдардың ықпалынан сақтандыру мақсатында «ELNUR TV» телеарнасының «Иман нұры» бағдарламасы аптасына бір реттік жиілікпен тұрақты түрде эфирге шығарылуда. «Мәртөбе», «Пульс Сайрама» және «Сайрам садоси» газеттерінде мақалалар жариялануда. Бұдан бөлек, діни салаға қатысты барлық мәселелер бойынша ақпарат қабылдауға, сондай-ақ, деструктивті діни қызметтен зардап шеккендерге кеңесшілік және психологиялық көмек көрсетуге арналған «114», «110» үш санды нөмірімен қосылған «Қауырт желі» туралы ақпараттар жергілікті газеттер арқылы насихатталуда. Сондай-ақ, ауданда облыс тарапынан бөлінген теолог мамандар да тиісті жұмыстарын атқарып отыр.

– Ауданның рухани туризмді дамыту әлеуеті зор. Бірнеше тарихи және киелі орындар бар. Оған туристерді тартуда қандай нақты шаралар қарастырылып отыр?

– Жалпы, Сайрам ауданында 8 туристік нысан орналасқан, оның ішінде: 6 қонақүй («Рандеву Сити», «Эль Нұр», «Ұлан» спорттық оқыту-жаттықтыру базасының қонақүйі, «Арсенал» «Алматы» және «Таң Нұры» қонақүйлері); «Манкент» шипажайы және «Элит Сервис Plus» емдік-сауықтыру орталығы. Сонымен қатар 2 тарихи-сәулет ескерткіші бар. Олар: «Сиқым баба» кесенесі және «Жаныс баба» мавзолейі. Аудан аумағында жазғы маусымда демалатын орындар саны – 14, атап айтқанда, «А-дем», «Береке», АҚ «Санаторий «Манкент», «Ақбұлақ», «Океан», «Жаз», «Эль-Нур», «Жан-Сая», «Ақбастау», «Керемет», «Қарасу», «Сағыныш», Жан-Аква», «Береке» демалыс аймақтары қызмет атқарды.

Ауданда туристік маршрут дайындалған. Бұл маршрутта «Манкент» шипажайы, «Сиқым баба» және «Жаныс баба» кесенелері енгізілген. Туристік маршруттардың бойында инфрақұрылымды жетілдіру тапсырмасына сәйкес: бүгінгі таңда Сайрам ауданы бойынша «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында 11 қызмет көрсету нысаны орналасып, қызмет көрсетуде. Оның ішінде: 6 бірлік жанар-жағар май бекеті, 1 бірлік қонақүй, 4 бірлік қоғамдық тамақтандыру орындары қызмет көрсетуде.

2019 жылы туризм саласын екі бағытта дамыту жоспарланып отыр. Біріншісі – сауықтыру туризмі. Сайрам ауданы Шымкент қаласына жақын орналасуына және  «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі аудан орталығына жақын болуына  байланысты, ойын-сауықтыру және емдік-сауықтыру туризмі жақсы дамыған. 2019 жылы Ақсу а/о қарасты «Ақсукент 2» ауылында 3 қабатты «Шарапат» ЖШС оңалту, сауықтыру орталығы» іске қосылуы жоспарлануда. Жобаның құны – 500 млн. теңге. Бүгінгі күнге жағдайы: Бөлме саны – 30, оларда төсек-орын саны – 52 бірлік. 3 қабатты жатын корпусының құрылысы толығымен аяқталған,  30 бөлмеге толығымен жиһаздар алынған.  Бірінші қабатта бөлмелер саны – 8, онда төсектер саны – 9. Бірінші қабаттағы бөлмелерге кең есіктер қойылған және мүгедектер үшін ыңғайластырылған. Корпусқа кіре берісте пандус орнатылған. Жаздық бассейн құрылысы аяқталған, қыстық жылы бассейн құрылысы жүруде. Мемлекеттік актісі алынған. Іске қосу биылға жоспарланып отыр.

Екіншісі – мәдени-тарихи ескерткіштер. Сайрамда бар сансыз бап, Отырарда отыз бап, Түркістанда түмен бап, баптардың бабы Арыстан бап, ең үлкені Хален бап екені баршамызға мәлім. Сайрам ауданында 2017 жылы туристік маршрут дайындалған. Бұл маршрутта «Манкент» шипажайы, «Сиқым баба» және «Жаныс баба» кесенелері енгізілген. Осы бағытқа Қарамұрт ауыл округінде орналасқан «Хален бап» Қытай тарихнамасында «садағы мен семсері» қолынан түспеген қаһарман қолбасшы және Көлкент ауылында орналасқан қазақ ханы Абылайханның бекінісі болған «Ханқорған төбесін» туристік маршрут тізіміне қосып, жарнамалау жұмыстарын, телеарналарға видеороликтер дайындау және «Жас туристер орталығы» мемлекеттік қазынашылық коммуналдық кәсіпорынымен бірлесіп, балаларды туризмге баулау мақсатында және мәдени-тарихи орындарды ел назарына жеткізу үшін іс-шара жоспары дайындалып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқандар – Дәурен ӘБДІРАМАНОВ,

Тұтқабай ФАЗЫЛБЕК.

Үшемді дүниеге әкелген шымкенттік көпбалалы анаға көмек көрсетілді

Шымкент қаласында үшемдерді дүниеге әкелген көпбалалы ана Фозила Досметоваға шаһардың орталығынан 3 бөлмелі пәтерді жалға алуға демеушілер тарапынан көмек көрсетілді. Бұл туралы «shymkent.gov.kz» сайтына сілтеме жасап, «AQ-QARA.KZ» ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Түркістан облысының жас дәрігерлері алғаш рет мемлекеттік баспанаға ие болды

Түркістан облысында шалғай ауылдардағы медициналық мекемелердемаман жетіспеушілігі мәселесі шешімін табуда. Бұл мақсатта жас дәрігерлерді ең алдымен баспанамен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Түркістан облысы әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолдауымен соңғы жарты жылдың ішінде жоғары оқу орнын бітіріп келген 28 жас дәрігер үйлі болды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметін сілтеме жасап, «AQ-QARA.KZ» ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Түркістан облысының гинекология саласының мамандары тәжірибе алмасып жатыр

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың бастауымен Шардара орталық ауруханасының қабырғасында ауқымды шара өтуде. Медициналық мекеме техникалық жабдықтар мен қажетті қондырғылармен толық қамтылған. Ана мен бала өмірін сақтап қалуда барынша еңбек етіп келетін бұл аурухана мамандарының біліктілігінің арқасында соңғы жылдары Шардара ауданында ана мен бала өлімі болмаған. Бұл туралы аталмыш басқарманың баспасөз қызметін сілтеме жасап, «AQ-QARA.KZ» ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Түркістан облысы: Денсаулық сақтау басқармасының басшысы 2018 жылды қорытындылады

Бүгін Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев 2018 жылы атқарылған жұмыстардың есебін журналистерге ұсынып, баспасөз мәслихатын өткізді. Бұл туралы аталмыш басқарманың баспасөз қызметін сілтеме жасап, «AQ-QARA.KZ» ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тауықтың түсіне – тары, аппарат басшысының түсіне тирдің оғы кіреді

«Тарихқа бай аудандардың бірінің аппарат жетекшісін осы ауданның ауыл әкімдері жабылып, быт-шытын шығарып тастапты» дейді ұзынқұлақ. Халықпен есепті кездесуден кейін шүкіршілік ретінде дастарқан жайылып, бұл жазған сол жерде арақ ішіп, өзі тиіскен дей ме, бірдеңе. Содан миы шайқатылған ба, жолыққан адамдарға «Шіркін-ай, баяғы жұмысымда істеп жүрген кезім болса, хайуандарды тирдің оғымен-ақ жусатып салар едім...» деп көзіне жас алатын көрінеді. Түсіне тышқанның боғындай-тышқанның боғындай тирдің оқтары кіріп жүр екен.